Сауда министрі көкөніс бағасына қатысты түсінік берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Үкімет отырысында жеті айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуды талқылау кезінде ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов көкөніс бағасына қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алдымен ішкі сауда саласының дамуы туралы қысқаша айтып өткен жөн. Барлық көрсеткіштер оң динамиканы дәлелдеп отыр. Мәселен, сауданың нақты көлем индексінің көрсеткіші 109,1%-ды құрап, пандемияға дейінгі жылдардың көрсеткіштерінен де жоғары. Осы үрдістерді растайтын электрондық коммерциядағы жағдайды айтуға болады. Жыл қорытындысы бойынша электрондық сауданы 10%-ға дейін жеткізу жоспарланғанымен, бүгінгі күні осы көрсеткіш 12,2%-ды құрады», - Б. Сұлтанов.

Оның айтуынша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағалары жыл басынан бері 10,3 пайызға өсті.

«Маусымаралық кезеңде бағаның өсуі байқалатын көкөністер, импортқа тәуелді өнімдер, сондай-ақ жоғары экспорттық сұранысы бар тауарлар ең жоғары өсім көрсетті. Өңірлердегі қалыптасқан жағдай бойынша, ең жоғарғы өсім 12 % Түркістан облысында, 11,6% – Нұр-Сұлтан қаласында және 11,4% Қарағанды облысында тіркелді. Дегенмен сәуір айынан байқалған бағалардың өсімі тұрақтанып, ал тренді төмендеуге бұрылғанын көріп отырмыз. Мәселен, картоп бағасының маусымдық өсуі сәуір-маусым аралығында белгіленді. Бұдан әрі, оңтүстік аймақтардағы ерте пісетін картоптың түсімі ұлғайған сайын, өнімнің бағасы төмендеді. Ең жоғары өсу сәтінен бастап, бағалар 26%-ға немесе 54 теңгеге түсті», - деді министр.

Тамыз және қыркүйек айларында солтүстік аймақтарда өнімнің жаппай жиналуы күтілуде, бұл ішкі нарықты картоппен толықтырады және бағаның одан әрі төмендеуін ынталандырады.

«Егін жинау кезеңінде 577 мың тонна сәбіз түсімі күтілуде. Бұл сәбіздің бағасын едәуір түсіруге ықпалын тигізеді. Пияз бен қырыққабат бағаларының өсуі әлі де байқалады. Мәліметтерге сәйкес, пияз бен қырыққабат бойынша жаппай егін жинау тамыз айының соңы мен қыркүйектің басынан басталады. Тиісінше, бағаның төмендеуі тек ағымдағы айдың соңында болады», - деді Б. Сұлтанов.

«Біз баға тұрақтандырудың негізгі құралдарына талдау жүргіздік. Нәтижелері өңірлерде тұрақтандыру қорларына тауарларды сатып алуға қаражаттың дұрыс бөлінбегенін және механизмді тиімсіз пайдаланудың әлі де фактілері бар екенін көрсетті. Біз бұрын баяндағандай кейбір өңірлерде тәуекелі жоғары өнімдерге мән берудің орнына, бағалары тұрақты тауарлар сатып алынған. Мысалы, қаражаттың 37 пайызды ұнды сатып алуға жұмсалды. Оның бағасы бізде тұрақты. Сондай-ақ, дәстүрлі түрде инфляция шегінде ғана қымбаттайтын тұз және сүт өнімдері сияқты тауарлар сатып алынды. Әкімдіктер қаражатты тәуекелі жоғары және бағалары құбылмалы әлеуметтік маңызы бар тауарларға шоғырландыру қажет», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар