Сауд Арабиясында зейнеттегі мұғалім Twitter жазбалары үшін өлім жазасына кесілді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сауд Арабиясында мұғалім Twitter және YouTube-те белсенді болғаны үшін өлім жазасына кесілді. Бұл жайында Human Rights Watch адам құқығын қорғау ұйымына сілтеме жасап DW хабарлады.

Сауд Арабиясы 54 жастағы зейнеткер ұстаз Мұхаммед әл-Гамдиді әлеуметтік желіде жариялаған жазбасы үшін өлім жазасына кесті.

Сот әл-Гамдиді билікке қарсы сөз байласты және мемлекеттік институттарға нұқсан келтірді деп айыптады. Бүкіл кінә оның Twitter және YouTube сайттарында бейбіт пікір білдіруіне негізделген.

Оның мәліметінше, шешімді Сауд Арабиясының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған соты 10 шілдеде шығарған.

Сотталушының кінәсінің дәлелі ретінде твиттерін, ретвиттерін, сондай-ақ YouTube желісіндегі белсенділігін көрсеткен.

Соттың пікірінше, әл-Гамди «король мен тақ мұрагерін дін мен заңға нұқсан келтіре отырып сипаттады», «террористік ұйыммен байланыс жасады» және «террористік қылмыс жасау мақсатында жалған ақпарат жариялады» деп айыпталған.

HRW кісіні өзгеше ойлағаны, елден өзгеше пікірі үшін қудалау күшейгенін хабарлады.

Human Rights Watch ұйымы корольдікті «сөз бостандығыне қарсы қысымның күшеюін» көрсететін сот үкімін бұзуға шақырды.

«Сауд Арабиясындағы қуғын-сүргін жаңа қорқынышты кезеңге жетті, онда сот тек бейбіт твиттер үшін өлім жазасын шығара алады», - деді HRW Сауд Арабиясы бойынша сарапшысы Джои Ших.

Ол ел билігін «бұл әділдік пародиясынан бас тартуға» шақырды.

Мұхаммед әл-Гамди 2022 жылдың маусымында Меккедегі үйінің жанында ұсталып, Джидданың солтүстігіндегі әл-Дахбан түрмесіне қамалды. Онда төрт ай бойы жалғыз камерада отырған.

Тіпті адвокатқа және туыстарымен байланысуына рұқсат бермеді. Кейін ол Эр-Риядтағы әл-Хайр түрмесіне ауыстырылды.

Мұхаммад әл-Гамди өзін саяси белсенді немесе құқық қорғаушы санамайды, тек Сауд Арабиясының үкіметіне қандай да бір алаңдаушылығын білдіріп жүретін жеке тұлға ретінде сипаттайды, деп хабарлайды HRW.

Сотталған кісі - Ұлыбританияда қуғында жүрген белгілі исламтанушы Саид бин Нассер әл-Гамдидің ағасы.

Оның айтуынша, бұл үкім бауырын елге қайтару үшін билік тарапынан әдейі жасалып отыр.

Сауд Арабиясы билігі соңғы жылдары шетелдегі сынаушылар мен диссиденттер отбасына қысым жасау арқылы оларды елге оралуға мәжбүрлеуге тырысып жатыр.

Әл-Гамдидің үкімі - әлеуметтік желі қолданушыларына қарсы қозғалған істердің ішіндегі ең қатыгезі.

Amnesty International құқық қорғау ұйымының мәліметінше, Сауд Арабиясы өлім жазасы жиі қолданылатын елдердің бірі.


Соңғы жаңалықтар