Сауд Арабиясында Қазақстанның сот төрелігінен жасырынып жүргендер жоқ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасы мен Сауд Арабиясы Корольдігі арасындағы ұстап беру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атап айтқанда, Қазақстан мен Сауд Арабиясы Корольдігі арасындағы келісім 2016 жылғы 25 қазанда Эр-Риядта жасалды. Келісімнің ережелеріне сәйкес, тараптар өздерінің аумағындағы ұстап беруге әкеп соғатын қылмыстар үшін екінші тараптың аумағында күдік келтірілетін, айыпталатын немесе сотталған кез келген адамды қылмыстық жауаптылыққа тарту мен сот үкімін орындау мақсаттарында ұстап беруге міндеттеледі.

Заң жобасы бойынша жасаған баяндамасында ҚР Бас прокурорының орынбасары Андрей Лукин Қазақстан посткеңестік кеңістікте осындай келісімді Сауд Арабиясымен бекіткен бірінші мемлекет екенін атап өтті.

Құжатта қылмыстық қудалау тұрғысында ұстап беру немесе одан бас тартудың негіздемелері қарастырылған. Осы ретте егер де адамға әскери немесе саяси сипаттағы қылмыстар үшін сұрау жасалса, қылмыстық жауапкершілікке тартудың мерзімі өтіп кеткен жағдайда, егемендік пен ұлттық қауіпсіздікке залал келтірген кезде, қоғамдық тәртіп пен басқа да мүдделерге кері әсер етсе немесе Конституцияға қайшы болса ұстап беру шаралары жүзеге асырылмайды.

«Келісім бекітілген уақыттан бастап Сауд Арабиясымен ынтымақтастық шаралары тиімді іске асырылып келеді. Қазіргі кезде Қазақстанның сот төрелігінен Сауд Арабиясы аумағында жасырынып жүрген адамдар жоқ, сондай-ақ аталған елдің Қазақстан аумағында да іздестіріп жатқан адамдар анықталмады. Келісім алдын алу сипатына ие екенін ескере отырып, бұл құжат болашақта екі елдің қылмыстылықпен күрес саласындағы тиімді ынтымақтастығына жақсы құқықтық негіз жасайды», - деді Лукин.

Белгілі болғандай,  бүгінде Қазақстан алыс шет мемлекеттермен екіжақты 18 келісімді бекітті.

Сонымен қатар жалпы отырыста пала депутаттары «Қазақстан Республикасы мен Сауд Арабиясы Корольдігі арасындағы сотталған адамдарды беру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын да қабылданды.

Соңғы жаңалықтар