Сауд Арабиясында Қазақстан туралы кітап араб тілінде жарық көрді

None
None
ЭР-РИЯД. ҚазАқпарат – ҚР Тұңғыш Президенті күні және Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы аясында араб тілінде жарық көрген «Қазақстан – дамудың 30 жылдығы» кітабы таныстырылды. Кітап Сауд Арабиясында Қазақстан Елшілігінің ұйытқы болуымен жарық көрді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Басылым авторлары - Сауд Арабиясында Қазақстан Елшісі Берік Арын, Орыс-араб зерттеулері және ақпарат қорының төрағасы М.Ат-Турки, Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының төрағасы Б.Сәрсенбаев, Қазақстандағы Сауд Арабиясы Корольдігінің бұрынғы Елшісі Х.Аленези, сонымен қатар бірқатар саудиялық сарапшылар.

«30 жыл ішіндегі Қазақстанның негізгі тарихи оқиғалары сипатталған кітап барлық оқырмандарымыз үшін қызықты әрі пайдалы болады және араб тілді аудиториға елімізді және Тәуелсіздік кезеңіндегі жетістіктерін жете білуге мүмкіндік береді», - деді кітаптың таныстырылымында Берік Арын.

Кітапта Тәуелсіз Қазақстанның негізгі тарихи оқиғалары баяндалып, еліміздің сыртқы саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы басты бағыттары сипатталған. Ұлтаралық және дінаралық келісімнің қазақстандық моделі мен Елбасының Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезін шақыру жөніндегі бастамасына жеке бөлім арналған.

Сонымен қатар кітапта түрлі бағытта қазақстандық-саудиялық ынтымақтастықты дамытудың маңызды кезеңдері қамтылған. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ мемлекетін құру, Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы достық қарым-қатынасты ортату жолындағы тарихи рөліне айрықша назар аударылған.


Соңғы жаңалықтар