Сауд Арабиясы 4 күндік жұмыс аптасына көшуді қарастырып жатыр

None
Фото: AFP
АСТАНА.ҚазАқпарат - Сауд Арабиясы жұмыс аптасын қысқартып, үш демалыс күнін енгізу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бұл туралы елдің Адам ресурстары және әлеуметтік даму министрлігі мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Al Arabia арнасына сілтеме жасап.

Әлеуметтік желідегі сауалға министрліктің Twitter-дегі қолдау тобы қазіргі уақытта жұмыс жүйесі қайта қаралып, демалысты екі күннен үш күнге ұзарту мүмкіндігін қарастырып жатқанын айтты.

Өзгерістер министрліктің бірнеше рет бағалауымен қаралады.

Сарапшылар жұмыс орындарының санын ұлғайту және жергілікті және халықаралық инвестициялар үшін еңбек нарығының тартымдылығын арттыру жолдарын сараптайды.

Жұмыс аптасын қысқарту құжатының жобасы қоғамдық талқылауға арналған сауалнама платформасында да бар.

Жоба жүзеге асса, Сауд Арабиясы қысқартылған жұмыс аптасын енгізген Біріккен Араб Әмірліктерінен кейінгі екінші ел болады.

2022 жылдың 1 қаңтарында БАӘ жаңа 4½ күндік жұмыс аптасына ауысып, демалыс күндерін жұма-сенбіден сенбі-жексенбіге ауыстырды.

Жұма күндері бюджеттік ұйымдар мен мектептер тек түске дейін жұмыс істейді.

БАӘ-дегі Шарджада қызметкерлер аптасына үш күн - жұма, сенбі және жексенбі күндері демалады.

Шарджада төрт күндік жұмыс аптасы енгізілгеннен кейін бір жылдан астам уақыт өткенде үкімет жүргізген зерттеу жұмысшылардың өнімділігі, психикалық денсаулығы 90 пайызға артқанын көрсетті.


Соңғы жаңалықтар