Сауалнама: Танымал спорт журналистері Риода кімдерге үміт артатынын айтты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Рио Олимпиадасының дүбірі жақындаған сайын, отандастарымыздың отыра қалса айтатын әңгімелері биылғы ХХХІ жазғы ойындарда кім кімге жанкүйер болатыны, кімнен үміт күтетіні жайында екені анық.

Бұл әңгімелерді бастары қосыла қалса, спорт саласында қалам тербеп жүрген журналистеріміз де жиі сөз ететінін, тіпті өздері болжам жасап «анау алтын, мынау күміс алады» деп әлеуметтік желілерінде жариялап жүргенін естіп, көріп жүрміз. Сосын, елімізге танымал, спорттың қыр-сырын жақсы білетін, спортшылардың да қайсысы қандай екенін жақсы танитын спорт журналистері арасында арнайы сауалнама жүргізіп, олардың ойларын оқырман қауыммен бөлісуді жөн санадық.

Дурали дуйсебай.jpg Дүрәлі ДҮЙСЕБАЙ, «Sport»-«Спорт» газеттерінің бас редакторы:

- Қазақ спортының деңгейі боксқа тіреліп тұр. Допинг дауына дейін Рио Олимпиадасынан үмітіміз мол еді. Қазақ елі бүгінде нағыз ұлттық спорт түріне айнала бастаған екі спорт түрінен - бокс пен ауыр атлетикадан алтын медальды күреп алу мүмкіндігі бар еді.

Осы екі спорт түрінің өзінен кем дегенде бес алтын алуға шамамыз жететін. Ауыр атлетика бұл Олимпиададан Илья Ильин, Зүлфия Чинчанло, Майя Манеза және Светлана Подобедовасыз алтын медаль аламыз деу қиын. Әзірге Ниджат Рахимовтан медаль күтетініміз анық. Оның қандай деңгейдегі медаль екенін уақыт көрсетер. Зайчиков, Павловтар да мықты. Кім білсін, Чонтей, Харки секілді жолдан қосылған жігіттер, өзіміздің Жазира Жаппарқұл жалт етіп, топ жарып шыға келсе, таңдануға болмайды. Өйткені бұл - Олимпиада.

Ал боксқа келсек, жігіттеріміз жарап тұр. Он жігіттің оны да «сен тұр, мен атайын» нағыз сайыпқырандар. Бірақ Олимпиадада оңай шағылатын жаңғақ болмайды. Бүгінде бокс державасы атанып отырған біздің елдің әрбір былғары қолғап шеберіне ерекше дайындалып жатқандар бар. Дегенмен, Д.Елеусінов пен И.Дычконың өзгелерге қарағанда Олимп шыңына көтерілу мүмкіндігі мол.

Бұл санаттан жас та болса, талантымен көпшілікті тәнті етіп үлгерген А.Жүсіповті, осы мүмкіндікке көп жол жүріп жеткен О.Сәттібаев пен В.Левитті алып тастауға болмайды. Б.Жақыпов та нағыз бабында. Командадағы ең тәжірибелісі, ең мықтысы да осы. Бірақ бұл салмақ өте «қауіпті». Жылдам боксшылар көп. Егер Жақыпов Алматыдағыдай жұдырықтасатын болса, бас жүлде қолда. Қалған боксшыларымыз да осал емес. Жеңіл атлетика - Қазақстанды қапы қалдырмаған спорт түрі. Егер О.Рыпакова сынды аруымыз алтыннан алқа тағынып жатса, нұр үстіне нұр.

Дастан Кенжалин.jpg
Дастан Кенжалин, «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі, Қазақстан спорт баспасөзі қауымдастығы Астана қалалық филиалының төрағасы:

- Биыл Бразилияда Олимпия ойындарының алауы тұтанады. Қазір оны барлық әлем жұртшылығы асыға күтіп отыр. Өйткені, төрт жылда бір рет айналып келетін Олимпиадада жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар мықтылар анықталады. Олимпиада спортшылар үшін ғана емес, бүкіл ел үшін үлкен сын.

Осы сынға отандастарымыз да қатысады. Еліміз тәуелсіздігінің таңы арайлап атқан кезден бері спортшыларымыз талай Олимпиадаға қатысты. Талай рет құрмет тұғырына көтеріліп, еліміздің жалауын желбіретті. Ал биылғы Олимпиадада ел үмітін арқалап баратын отандастарымыздан кімдер құрмет тұғырының ең биік сатысына шығады дегенге келсек, мен дэюдошы Елдос Сметовке үміт артамын. Ол алтын жүлде алса, тіпті жақсы болар еді. Одан кейін дзюдошы қызымыз Галбадрах Отгонцэцэг те жүлденің біріне үмітті. Жүзуден Дмитрий Баландиннің бағы жанса деп тілеймін. Жеңіл атлетикада Ольга Рыпакованың чемпион атануға мүмкіндігі зор. Ол биыл Гран-при жарыстарына қатысып, үздік нәтиже көрсетті. Соны тағы қайталаса деген тілегіміз бар.

Олимпиадада боксшылар мен ауыр атлеттерді де құрмет тұғырынан көргіміз келеді. Соның ішінде допинг дауына байланысты жарыстан шеттетіліп жатқан зілтеміршілеріміз өздерін дәлелдеп жатса, мерейіміз таситын еді. Биылғы сында Лондон Олимпиадасындағыдай алтын медальдар болмайтын шығар. Дегенмен үмітсіз шайтан дейді. Бір күдікпен бірге бір үміт болу керек. Спортшылардан үмітімізді үзбейміз.

Толеубек Ниязбек.jpg 
Төлеубек Ниязбек, Республикалық «Қазақ спорты»  газеті бас редакторының орынбасары:

- Егер ауыр атлеттеріміз допинг дауына ұрынбағанда Жасұлан Қыдырбаев, Илья Ильин, Зүлфия Чиншанло сияқты ауыр атлеттеріміздің Олимпиада чемпионы атануға мүмкіндіктері бар еді. Өкінішке қарай, аты аталған спортшыларымызды Рио-де-Жанейродан көре алмаймыз. Дегенмен, Олимпиада ойындарында бұлардан басқа да ауыр атлеттерге сенім артуға болады. Мәселен, Денис Уланов пен Александр Зайчиковтың Олимпиада чемпионы атануға мүмкіндіктері бар деп ойлаймын. Әсіресе, Денис Улановтың мүмкіндігі мол. Оның осыған дейінгі жарыстарда көрсеткен нәтижелерін саралап қарайтын болсақ, 85 келіде оған тең келер спортшы жоқ.

Олимпиада сайын алтын медальсіз қайтпайтын боксшыларымыз биыл да бір алтын медаль алатынына сенімдімін. Тіпті біреу емес, Мырзағали Айтжанов баптайтын командадан екі бірдей Олимпиада чемпионы шығады деп үміттенемін. 69 келі салмақта Данияр Елеусінов пен Жәнібек Әлімханұлы сынды жігіттер Олимпиада чемпионы деген атқа лайық. Лондонда қола медаль алған Иван Дычконың кемінде күміс жүлде алуға күш-жігері жетеді. Олжас Сәттібаев, Василий Левит сынды былғары қолғап шеберлеріне де кемінде жүлде бұйыруы керек.

Олимпиада ойындарында медаль алуы мүмкін деген спортшылардың қатарына Елдос Сметов, Галбадрах Отгонцецег сияқты дзюдошыларды да қоса аламын. Сондай-ақ, боксшы Біржан Жақыпов, Лондонда чемпион атанған Ольга Рыпакова мен грек-рим күресінде 75 келіде күресетін Досжан Қортықовтың үздік үштікке кіруі ғажап емес.

Лондондағы жетістігімізді қайталау қиынға түседі. Спортшыларымыз Рио-де-Жанейродан кемінде 4 алтын медаль алып жатса, қуануымыз керек. Меніңше, биылғы табысымыз осы төрт алтынның төңірегінде болады. Бұдан бөлек қоржынымызға  шамамен 4 күміс, 3 қола медаль түсіп жатса, соның өзі  жаман нәтиже емес.

Русылан Меделбек.JPG   

Руслан Меделбек, Спорт журналисі:

- Рио Олимпиадасында Қазақстан бес алтын алуы тиіс. Бірақ бұл меже ауыр атлеттердің қатысу/қатыспауына байланысты. Егер ауыр атлеттер Рио олимпиадасынан шеттелсе, төрт алтынға тырысып көруге болады. Ол кезде басты үміт боксшылар мен балуандарда болмақ. Өз басым Данияр Елеусінов пен Иван Дычко, Біржан Жақыптан алтын күтемін. Елдос Сметов пен Галбадрах Отгонцэцэгтің бірі елге чемпион болып оралады деп сенемін. Төртінші алтынды балуан Досжан Картиковтан күтемін. Ал егер ауыр атлеттер барып жатса, онда Денис Уланов пен Жазира Жаппарқұл да алтынға басты үміткер болмақ. Сондай-ақ, Ольга Рыпакова, Карина Горичева, Олжас Сәттібаев, Нұрмахан Тінәлиев, Алмат Кебіспаев, Дмитрий Баландин жүлде алуға қауқарлы.

Рауан Окас.jpg 

Рауан Оқас, спорт шолушысы:

- Менің ойымша, Рио Олимпиадасында біздің спортшылар тұғырдың ең биік сатысынан көрінеді. Әсіресе, бокстан бес медаль аламыз деген ойдамын. Оның екеуі алтын болады. Данияр Елеусінов пен Абылайхан Жүсіпов алтын алса, Дычко күміс, Жәнібек пен Біржан қола еншілейді деген болжамым бар. Және де дзюдо күресінен екі медаль алу керекпіз. Елдос пен Галбадрах медаль сыйлайды деген ойдамын. Грек-рим күресінен бір медаль аламыз. Ауыр атлетикада Жазира Жапарқұл күміс еншілеп, қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш Олимпиада жүлдегері атануы тиіс. Жеңіл атлет Ольга Рыпакова күміс алады.

  Ришад Турганбай.jpg 

Ришад Тұрғанбай, Алматы облыстық «Жетісу» газетінің спорт журналисі:

- Биылғы Олимпиада ойындарының алауы тұтанбай жатып жаңалықтарға толы болды. Әсіресе, Қазақ спортшылары үшін қуантатын емес, жабырқататын жаңалықтар  көңілімізді түсіруде. Дегенмен де, басы қатты болса, соңы тәтті болады дегенге сенейік. Сонымен төрт жылдықтың басты додасы Рио Олимпиадасында сенім артатын спортшыларымыз көп. Ежелден күресті жанымызға жақын ұстап, жануынгер халықтың ұрпағымыз деп келетін елміз. Сондықтан күрестен бастайын. Балуандардан Алмат Кебісбаев пен Досжан Қортыковқа сенім артамын. Әрине алтын тұғырға көтеріліп жатса жақсы. Десе де үш жүлденің біреуіне ілініп қалуы ықтимал. Ауыр атлеттерімізден үміт бар. Алтынды уыстап алуға мүмкіндік бар еді. Әттеген-ай, мықтылардың жолын бөгеді. Бұл спортта мен Жазира Жапарқұл мен Маргарита Елисеева, Карина Горичеваға үміт артамын. Ерлерден Нижатқа сенем. Дзюдодан Елдос Сметов пен Галбадрахтан алтын күтемін. Жеңіл атлетикадан О. Рыпакованың дәмесі бар. Бокста Жәнібек Әлімханұлы өзбек боксшысын айналып өтсе, жүлдеге ілігеді. Данияр, Біржан, Дычко да жүлдегерлердің қатарында. Мен сенім артатын спортшылар осылар. Қалған саңлақтарымызды мүлдем сенімнен шығарып тастауға болмайды. Бағы жанса, тұғырдан қол бұлғағанға не жетсін.






 Габит Сабарбек.jpg 

Ғабит Сапарбеков, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің спорт тілшісі:

- Рио-де-Жанейро Олимпиадасында негізінен боксшылардан үміт күтемін. Олардың бәрі чемпион болуға лайықты. Дегенмен, Біржан Жақыпов, Данияр Елеусінов және Иван Дычко бас жүлдеге таласатын шығар. Дзюдодан Сметов пен Отгонцецегтен үміт күтемін. Бір алтын жүлде түсуі тиіс. Ауыр атлеттерімізді қанша аяқтан шалғанымен, бәрібір жүлдесіз қалмайтын сияқтымыз. Ниджат Рахимов пен Жазира Жаппарқұл жүлдеге таласады. Грек-рим күресінен Нүрмахан Тінәлиевтің де шабатын кезі келді. Кемінде 4 алтын медаль аламыз деген сенімдемін. Өзгелер бағалай бермеуі мүмкін, бірақ, ескек есу спортынан да алғашқы жүлде осы додада келетін сияқты.

Қыздар боксынан жеребе сәтті түссе, Шекербекова қола жүлдегер атануы мүмкін. Әрине, әр ойындарда бұрын танылмаған бір есім шығып жатады. Осы жолы да бір батырымыз атойлап шығады деген ойдамын.

ЕрмухамметМаулен.jpg 

Ермұхаммед Мәулен, «ҚазСпорт» арнасының комментаторы:

- Қазақстандық спортшылардан зор үміт күтіп отырған жоқпын өз басым. Бұл жолы Олимпиаданың алды да у-шуға толы болып, көптеген спортшыларымыздан маза кетті.

Допинг дауы деген де өте бір ауыр тақырып. Сондықтан да, ауыр атлеттерімізден биыл аса қатты үміт күтпеймін. Алайда, кім біледі бағы жанып жатса, тек қана қуанарым анық. Өз басым Олимпиадада «алтын» алады деген бір спортшым бар. Ол - Данияр Елеусінов. Былғары қолғап шебері білгенінен жаңылмаса, «алтын» алары анық. Ал негізі Әділбек Ниязымбетовке де үміт артар едім. Ол да Лионель Месси секілді құрама сапында тек күміспен күптеледі де жүреді. Биыл бағы жанса екен деймін, Әділбектің!

Соңғы жаңалықтар