Сауалнама: Ертең «Астана» чемпион атанады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана» ертең чемпион атана ала ма?» деген сұрақ төңірегіндегі сауалнамаға қатысқандардың шамамен үштен екісі «иә» деп жауап берген, тек 36% респондент «Ертең «Қайрат» жеңетініне» сенімді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Сауалнаманы «ВКонтакте»әлеуметтік желісіндегі «Қазақ футболы» тобы жүргізіп жатыр, онда үш сағат ішінде екі мыңнан астам адам өз пікірін білдірген. Футбол жанкүйерлерінің бар назары қазір ел біріншілігіне ауып отыр. 2017 жылғы Қазақстан Премьер-лигасының шешуші кезеңіне де келіп жеттік. Ертең,  28 қазан күні, 15:00-де еліміздің алты бірдей қаласында 32-тур ойындарына старт беріледі.

Шүбәсіз, турдың басты кездесуі - «Астана Аренада» өтетін «Астана» - «Қайрат» матчы. 31 турдан кейін 76 ұпаймен бірінші орында келе жатқан елордалық ұжым осы турда барлық мәселені өз пайдасына шешіп, УЕФА Еуропа лигасының келесі кездесуіне қатысу мақсатында Тель-Авивке алаңсыз кету үшін барын салады. Өйткені еурододаның топтық кезеңінің 4-туры аясында «Маккабиге» қарсы ойында «Астана» биылғы еурокубоктарда өз алдына қойған басты екі міндетінің бірін орындауы мүмкін, яғни топтың 3-орынын өз есебіне жазып қоюына болады. Әрі Израильде жеңіске жетіп жатса, қазақ футболы тарихында тұңғыш рет еурокубоктардың көктемгі плей-оффтық кезеңіне өту үшін қолайлы жағдайға ие болады. Бұл - «Астананың»«максимум» міндеті. Оған ел болып үміт артамыз.

Чемпионаттың алғашқы кезеңінде айтарлықтай ұпайлардан айырылған Алматының «Қайраты» «Астанадан» 4 ұпай артта келеді. Дегенмен, алматылықтар чемпиондықтан әлі де болса үмітін үзген жоқ. Оған негіз бар да. Тура бір апта демалып, күшіне толған «Қайрат» ертең бүкіл терін төгеді. Ал соңғы турда «Ақтөбені» араға тағы бір жұма салып, 5 қарашада өз алаңында қабылдайды. Еліміздегі академиясы ең мықты клуб ойыншыларының дене мүмкіндіктері соңғы ойындардың екеуін де жеңуге толық мүмкіндік береді.

Ал үш дүркін ел чемпиондарының графигі өте тығыз. 25 қазанда өз алаңында «Оқжетпеске» қарсы Станимир Стойлов тәуекелге бармай, толық құраммен ойнады. Өйткені қосалқы құраммен Премьер-лигада ойнауға болмайтынын «Ордабасы» алдыңғы турда дұрыстап түсіндірген болатын (2:1 есебімен жеңген). Үш күндік мерзім елордалық ұжымның өзіне келіп алуына қаншалықты жеткілікті болатынын ертең көреміз. Онда қандай нәтиже тіркелуінен тыс, «Астана» екінші майданға дайындығын бастап жібереді - «Маккабиге» қарсы сырт алаңдағы ауыр ойын 2 қараша, 21:00-де (Астана уақытымен 00:00-де) басталады. Содан тура 64 сағаттан кейін тағы да «Астана Аренада» чемпионаттың соңғы туры аясында «Ақжайықты» қабылдайды. «Астана» ойыншыларының дене дайындығы нағыз сыннан өтетін сәт - осы кез. Ертеңгі ойында тең нәтиже тіркесе де «Астана» мерзімінен бұрын чемпион атанады. Ал егер де «Қайраттан» жеңіліп қалып, Тель-Авивтен әлсіреп қайтып, Премьер-лигада жан сақтап қалу үшін барын салатын «Ақжайықты» өз алаңында жеңе алмаса, үш жылдық алтын серияға нүкте қойылды дей беріңіз. «Астана» үшін алдағы 8 күн шешуші мәнге ие: не чемпиондық+Еуропа лигасындағы тарихи жеңістер не ештеңе.

Өйткені, елордалық ұжымды жеңіп қайту «Қайраттың» жігерін жанып, соңғы турда олар «Ақтөбеге» бүкіл қаһарын шашатыны айдан айқын.

Үшінші орында - «Ордабасы». Осы турда«Ақтөбеге» барып, 5 қарашада «Оқжетпесті» қабылдайтын шымкенттіктердің ұпайы онсыз да түгел. Бұл екі ойын олардың өз тарихындағы алғашқы қола медаліне ешқандай әсер етпейді, жалпы, биыл үшінші орында - «Ордабасы».

2018-2019 жылғы УЕФА Еуропа лигасының іріктеу кезеңіне жолдама алу үшін қиян-кескі күрес Қостанайдың «Тобылы» мен Павлодардың «Ертісі» арасында болады. Стадионын жөндеуден шығарып, еңсесі көтерілген қостанайлықтар еурожолдама беретін төртінші орында 43 ұпаймен тұр, ал павлодарлық ұжым оларды небәрі 1 ұпай артта өкшелеп келеді.

32-турда Қарағандыға «Шахтермен» ойнауға барып, соңғы турда «Атырауды» қабылдайтын «Тобыл» бір жақтан, параллельді түрде алдымен «Оқжетпестен» үш ұпай алу үшін Көкшетауға барып, соңғы турда «Шахтерді» қабылдайтын «Ертіс» екінші жақтан күрес жүргізеді. Екі ұжым да соңғы екі ойында бүкіл 6 ұпайды жинап алу үшін барын салады. Демек, олардың майданы «Астана» мен «Қайраттың» текетіресінен қызықты болмаса, кем түспесі анық.

Ертең, бұлардан тыс, «Атырау» - «Тараз», «Ақжайық» - «Қайсар» ойындары да тартысты өтеді. Бұлардың ішінде тек қызылордалықтар 38 ұпаймен 7-орында берік тұр, ал қалғандары келер жылы да ел біріншілігіне таласу үшін өздерін сақтандыруы тиіс - дәл қазір «Атырау» 32 ұпаймен 8-ші, «Ақжайық» 29 ұпаймен 10-ыншы, ал «Тараз» 26 ұпаймен 11-інші болыптұр. Ымырасыз кездесулер бізді күтіп тұр деуге негіз бар. «Қауіпті аймақ» командаларының арасындағы ойындар чемпионат соңында қай жылы болса да қызу өтетіні белгілі.

Қорытынды тур туралы ертеңгі матчтардан кейін сөз өрбіткен дұрыс болар, қазіргі назар - 32-турда. Тамашалаймыз.

Еске сала кетейік, соңғы турлардың екеуінде де командалар дәл бір уақытта алаңға шығады: 32-тур ойындары 28 қазан күні Астана уақытымен 15:00-де, 33-тур ойындары 5 қарашада 16:00-де (Астана) басталады.

Соңғы жаңалықтар