Сауал: Универсиададағы жетістігімізге көңіліңіз тола ма

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін алауы сөнген Универсиада ойындарынан кейін, бірқатар БАҚ өкілдеріне «спортшыларымыздың жетістігіне көңіліңіз тола ма?» деген сауал тастаған едік.

Абай Балажан, "Оңтүстік Қазақстан" газетінің директор-бас редакторы:

- Көңіл неге толмасын, толады, әрине. Әсіресе фристайлшылар ерледі. Шаңғышылар мен хоккейшілерге де ризамыз. Мәнерлеп сырғанаушы Тен Олимпиадаларда жүлде алып жүрген соң ба, бұл жетістігіне жүрегім жарылып кетердей болған жоқ. Абзал Рахманғалиев бір жүлдеге ілінсе деп едім."Қуған жетпейді, бұйырған кетпейді" деген рас екен...

Қажет Андас, Алматы облысының «Жетісу» газетінің тілшісі:

- Аламанның дүбірі жақындаған сайын, жүректің дүрсілі де күшейе түсті. Жалпы, жарысқа дейін қазақстандықтарды сан ой мазалады. Әсіресе, ел үмітін үкілеген спортшыларымыздың бабы мен бағы шаба ма? Әлде, сенгеніміз селге кете ме? Осы түйткіл бәріміздің көңілімізді алаңдатты. Сол күнде жетіп, аламан жарыстың Алматы Аренасындағы ашылу салтанатында Елбасымыздың айтқан ақ тілегі Алланың құлағына шалынды. Жастарымыз жалынын ішке тартып, додаға жансала кірісті. Жарыстың бірінші күні-ақ бәсіміздің биік болатынын ұл-қыздарымыздың ширақ қимылы ұғындырды. Қоржынымызға алтын да, күміс те, қола да түсті. Міне, бүгін бәсеке де өз мәресіне жетті. Жан алып, жан беріскен, ел үміті жолында аянып қалмаған жастарымыздың жеңісі біздің 25 жылда қаншалықты биік белеске көтерілгенімізді анық ұғындырды. Бұл ең алдымен Тәуелсіздіктің жеңісі болғанын мақтан етуіміз керек. Содан кейін ел еңсесін биіктетер жастардың аз еместігіне көзіміз жетті. Тәжірибеге сүйенсек, Қазақстан соңғы жылдары әлем көшін бастаған елдермен иық тірестіріп, халықаралық жарыстарда жаман ойын көрсетіп жүрген жоқ. Міне, қазақ жерінде төрткүл дүниенің мықтылары кездескен жарыс та да соны дәлелдеді. Ресей командасынан бәсіміз сәл төмен болғаны болмаса біздің жастар Швеция, Швейцария, Финляндия секілді дарабоз елдің спортшылары мен Қытай, Канада, Ұлыбритания елдерінің командаларын шаң қаптырып кетті. «Толассыз еңбек - тосқауылды бұзар» - деген екен Ломоносов. Қазақстан құрамасының осы жарысқа толассыз дайындалғаны ақталды. Сонымен қатар, жас мемлекеттің жалынды жетістігі азуын айға білеп жүрген елдердің бұдан кейінгі жағдайда қазақтың ұл-қыздарының өнерімен санаса жүрудің керектігін көрсетті. Тіпті, осы жетістік еліміздегі қысқы спорт түрлерінің дамуына серпін беретінімен де құнды. Алдағы уақытта жарыста топ жарған спортшыларымыздың табысын оң бағалап, олардың жетістігін бұдан да биікке шығару үшін барлық мүмкіндікті жасауымыз керек.

Дастан Кенжалин, "Егемен Қазақстан" газетінің тілшісі, Қазақстан спорт баспасөзі қауымдастығы Астана қалалық филиалының төрағасы:

 - Алматыда Универсиаданың жақсы өтіп жатқанын туған-туыстардан, жора-жолдастардан, ақпарат құралдарынан біліп отырмыз. "Жүз рет естігеннен бір рет көрген артық" демекші, студенттердің жарысын өз көзіммен көрсем көбірек айтар едім. Спортшыларымызға көңілің тола ма десең, жастарымыздың шама-шарқынша жарысып, қолдан келгенше жүлделерді алып жатқаны анық көрінді. Қолда тұрған медальдан ешкім де айырылмаған сияқты. Басқа елдердің спортшылары да жан алысып, жан берісті. Универсиадада Ресей мен Оңтүстік Кореяның жастары жарады. Біздің қыз-жігіттер де аянып қалған жоқ.

Соңғы жаңалықтар