Сау тіс көп аурудың алдын алады – қызылордалық дәрігер

Фото: None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат – Тіс саулығы көп аурудың алдын алады, яғни тістің күтімі – зор денсаулықтың кепілі. Сондықтан, оған әрдайым назар аударуымыз керек. Алайда, бұл қағидаға салғырт қарайтындар басым. Ал, осы салғырттықтың салдары ағзада басқа ауру түрлерінің туындауына әкеледі. ҚазАқпарат тілшісі медицина қызметкерлері мерекесі қарсаңында қызылордалық стоматолог Роза Ізімбетовамен сұхбат құрған еді.

– Қазіргі уақытта тіс дәрігерлеріне жүгінетіндер көп сияқты, бұған не себеп?

– Бұл – біздің өмірімізде жиі кездесетін жағдай, өйткені тіс күтіміне байланысты арнайы дағды қалыптаса қоймаған. Күтім бала кезден жасалуы тиіс. Сол арқылы ешқандай ауруға жол берілмейді. Әрбір азамат сау тісі арқылы көптеген аурулардың алдын алады. Өкініштісі, бізде мұндай мәдениет қалыптаса қоймаған. Соның салдарынан қазір стоматолог қызметіне жиі жүгінетіндер бар. Бір ғана дерек айта кетейін. Облыс тұрғындарының басым көпшілігі тісжегісіне байланысты қиындық көріп жүр. Әрине, оны тек бір өңірдің ғана проблемасы деп айтуға болмайды. Еліміздің өзге өңірлеріндегі әріптестерімізбен пікірлескенде дәл осындай әңгімені естіп жатамыз. Тұрғындарға тіс мәселесіне үнемі назар аударып отырса деген ұсынымыз бар.

– «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде». Тісті сау сақтаудың басты жолы қандай?

– Көп жылдық тәжірибемде оған қатысты көптеген бағдарлама жүзеге асқанын білемін. Соның арқасында бірқатар оң нәтижеге қол жеткізілді. Атап айтқанда, 2015-2020 жылдар аралығында Қызылорда облысында балалар тобы арасында ауыз қуысы ауруларының алдын алу және стоматологиялық көмек көрсету бағдарламасы жүзеге асырылды.

Алдын ала тексеру барысында стоматолгиялық аурулардың артып келе жатқаны аңғарылды. Тісжегісіне шалдыққан әрбір үшінші баланың тісі одонтогендік инфекциясы көзіне айналған. Арнаулы стационарлық құрылымдарда іріңдеп қабыну ауруларымен тіркелген балалар саны - 45-55 пайыз.

Одонтогендік инфекция ошақтары ретінде негізінен алғашқы орында азу тістері тұр. Жалпы, балалардың ауыз қуысы патогенезінде ата-анасының репродуктивті денсаулығы және отбасындағы гигиеналық тәрбиенің жоғары болуы өте маңызды. Айта кетсек, стоматолог дәрігерлер санын арттыру аталған аурулар санының көбеймеуін түбегейлі шеше алмайды. Сондықтан, бұл мақсатта әрбір отбасы өзі нақты іс-шараны қолға алуы тиіс.

– Демек, тіс ауруын алдын ала анықтау керек...

– Айта кету қажет, тісті емдеуден гөрі оны сақтап қалу пайдалы. Оны әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр. Көптеген стоматолгиялық аурулар, оның ішінде тісжегі мен гингвит адамның өмір сүру салтына байланысты пайда болады. Тәтті тағмдарды жиі пайдалану, тіс тазалауға немқұрайлы қарау секілді зиянды әдеттер тіс жегі ауруларының пайда болуына әсер етеді.

Менің ойымша, стоматологиялық мекемелер штатына тіс гигиенисін енгізу дәрігер стоматологты көптеген міндеттерден босатар еді. Осылайша, мектептерде стоматологиялық кабинеттерді ұйымдастыру қажеттілігінен бірте-бірте құтыламыз. Керісінше ұйымдастырылған топтарда ауыз қуысы гигиенасы бұрыштарын ашу дамиды. Елімізде Алматы, Шымкент қалаларындағы балалар стоматологиялық емханаларында гигиенистер штатын енгізу тәжірибесі бар.

– Облыста балалар арасында тісжегінің таралуы қандай деңгейде? Оны шешу жолдары қандай?

– Облыс орталығында тісжегінің таралуы жоғары деңгейде болып отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұйғарымы бойынша тісжегінің таралуы 20, қарқындылығы 1,5 пайыздан аспауы тиіс. Маман есебінде айтарым, қазір тісжегі ауруы жасарып келеді. Тісжегі қарқындылығы 2 жастағы балаларда – 6,1, ал 3 жастағыларда – 21,4, сондай-ақ 4 жастағы балаларда – 51 пайыз. 6-15 жастағыларда ол 80-96 пайызды маңайлайды.

– Тісжегі ауруының көбеюіне өзге де қандай факторлар әсер етеді?

– Қызылорда қаласы тұтынушылар құқығын қорғау басқармасының санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау қорытындысы бойынша облыс орталығындағы ауыз су құрамындағы фтордың құрамы – 0,36-0,4 мг/дм, нормада – 0,8-1,2 мг/дм болуы тиіс. Дегенмен, қалада судағы фтор құрамының төмен болуы балалар арасында тісжегі ауруының таралу жиілігін 3-4 есеге жоғары болуына әсер етеді. Тіс жағдайына, парадонт және ауыз қуысының шырышты қабығына әсер ететін бірден-бір жол – дұрыс тамақтану. Белоктың, дәрумендердің, минералдық заттардың жетіспеушілігі, тағам сапасы мен асты дайындау түрі тісжегінің және өзге де стоматологиялық аурулардың дамуына әкеп соғады.

– Ал, өңірде стоматолог мамандар жеткілікті ме?

– Штаттық норматив бойынша дәрігер-стоматолог және тіс дәрігерлерімен қамтамасыз ету қала бойынша 10 мың адамға 4,4, ауыл тұрғындарына 2,7 пайыздан келеді.

Облыс орталығында балалар саны 100 мыңнан асады. Оған шамамен 48 балалар дәрігер-стоматологы қажет. Қазір қалада мұндай дәрігерлермен қамтамасыз ету деңгейі – 65 пайыз.

Ал, ауылдық жерлерде 170 мыңға жуық бала бар. Балаларға қызмет көрсететін дәрігер-стоматолог мамандар 50 пайызды маңайлап тұр.

– Бүгінгі мерекеңіз құтты болсын! Әріптестеріңізге айтар тілегіңіз...

– Барша дәрігерлер қауымын мерейлі мейраммен құттықтаймын. Олардың кәсібіне сәттілік тілей отырып, халықтың денсаулығын қамтамасыз етуде жемісті еңбек тілеймін. Халыққа айтарым, әрдайым денсаулықты күтіп, ауырмаудың жолын іздеген дұрыс.


Соңғы жаңалықтар