Сатып алулардың жаңа ережесі: «Самұрық-Қазына» бес айда 1,5 млрд теңге үнемдеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Самұрық-Қазына» Қоры сатып алулардың жаңа ережесі арқасында 1,5 млрд теңгеге жуық қаржы үнемдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Самұрық-Қазына» Қоры сатып алулардың жаңа форматының арқасында 5 айда шамамен 1,5 млрд теңге үнемдеді. Бұған қаржыны тиімді жұмсауға, сондай-ақ сатып алу шараларының ашықтығын арттырып, бәсекелестікті кеңейтуге бағытталған жаңа ережелер сеп болды», - деп атап өтті «Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС-дан.

Сатып алулар баға ұсынысын сұрау арқылы өткен. Осылайша, шағын және орта бизнес өкілдері белсенді қатысқан процедура Қордың еншілес компанияларына қаржыны үнемдеуге мүмкіндік берген. Шара www.zakup.sk.kz порталында өтті. Нәтижесінде компаниялар ағымдағы жылдың ақпан айынан бері сатып алуларға жоспарланған 8,2 млрд теңгенің орнына, 6,7 млрд теңге ғана жұмсады.

«Айта кетейік, ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап 9,6 млн теңгеге дейінгі баға ұсынысын сұрау арқылы өтетін сатып алулар біліктілік бойынша іріктеу шарасынан босатылды. Сонымен қатар, холдингке кіретін кооперациялар аясында жыл сайын шағын және орта бизнес өкілдері 300-350 млрд теңгеге тапсырыс алуға мүмкіндік алды. Бұл шаралар тапсырыстарды орындаушылар арасында бәсекелестікті арттырып, сатып алуларды әлдеқайда ашық әрі тиімді өткізуге негіз болмақ», - деп атап өтті компаниядан.  

Ағымдағы жылдың ақпан айына дейін баға ұсыну арқылы өтетін сатып алулар tender.sk.kz порталында жүзеге асырылатын. Процедураға қатысушыларға тіркелу үшін құжат жинап, 5 күн жауап күтуге тура келетін. Ал www.zakup.sk.kz порталына кез келген адам электронды құжаттарды ұсыну арқылы өздігінен тіркеле алады. Бұл өзгерістер қатысушылардың санын арттырып, тіркелу шарасын біршама жеңілдетті.

Естеріңізге сала кетейік, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басшысы Ахметжан Есімовтің тапсырмасымен сатып алу шараларын оңтайландыру жұмыстары жүргізілуде. Атап айтсақ, сатып алуларды ашық әрі қолжетімді ету мақсатында келесі шешімдер қабылданды: 

  • Тапсырыстарды орындаушылар үшін біліктілік бойынша алдын ала іріктеудің анкеталық сұрақтары 2 есе қысқарды;
  • Біліктілік бойынша алдын ала іріктеу шарасын регламенттеу мақсатында іріктеуден өту мерзімі 45 күннен 18 күнге дейін шамамен 2,5 есеге қысқартылды;
  • Тендерлерді өткізу мерзімі 65 күннен 33 күнге дейін екі есе қысқарды;
  • Баға ұсынысын сұрау арқылы өтетін сатып алуларды өткізу 21 күннен 15 күнге дейін азайды.

 www.zakup.sk.kz жаңартылған электронды сатып алу порталы 2018 жылдың ақпан айында іске қосылды. Осы уақыт аралығында онда 15 мыңнан астам тапсырыс беруші тіркелді.

Соңғы жаңалықтар