Сатып алған кез келген тауарыңызды дүкенге қайтаруға болады - департамент

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қалалық тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің басшысы Арман Ақсубаев онлайн брифинг барысында алматылықтардың тауар сатып алу кезіндегі құқықтары туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, Алматы қаласында әр секунд сайын тауар сатып алынады, сонымен бірге азаматтар сапасы төмен тауарларға, тіпті кейде сатушы тарапынан алдау әрекеттеріне тап болады.

Спикер атап өткендей, тауар-ақша қатынастары аясында қолайсыз жағдайлар көп кездеседі.

Әдетте дүкендер мен супермаркеттерде ақаулы тауарларды еш қиындықсыз ауыстырып береді немесе ақшасын қайтарады.

Мұнда ең бастысы - қолыңызда тауарлық немесе фискалдық чек болуы керек.

Сонымен қатар, ол «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңға сәйкес сапасыз тауарды сатып алған жағдайда, егер сатушы оған тауардағы кемшіліктер жөнінде айтпаған жағдайда, тұтынушы өз таңдауы бойынша мынаны талап етуге құқылы екенін атап өтті:

1) сатып алу бағасын мөлшеріне (сапасына) қарай кемітуді;

2) тауардың кемшіліктерін өтеусіз жоюды;

3) тауардың кемшіліктерін жоюға жұмсаған өз шығыстарын өтеуді талап етуге құқылы;

4) ұқсас маркалы (модельді, артикулді) тауарға ауыстыруға;

5) сатып алу бағасын тиісінше қайта есептей отырып, басқа маркалы (модельді, артикулді) сондай тауарға ауыстыру;

6) шартты бұзуға және тауар үшін төленген ақшалай соманы қайтаруды талап етуге құқылы.

Кепілдік мерзімі ішінде өнімнің кемшіліктеріне байланысты талаптарды қою қажет екенін есте ұстаған жөн.

Егер тауарға кепілдік мерзімі белгіленбесе, кемшіліктерге байланысты талаптарды тұтынушы олар сатылған тауарда сатып алынған күннен бастап екі жыл шегінде табылған жағдайда қоя алады.

«Егер тауарды тексеру (сараптау) нәтижесінде кемшіліктер жоқ екені немесе тауарды тұтынушыға бергеннен кейін оның пайдаланудың, сақтаудың белгіленген қағидаларын бұзуы салдарынан туындағаны анықталса, тұтынушы сатушыға сараптама жүргізуге арналған шығыстарды, сондай-ақ тауарды тасымалдауға арналған шығыстарды өтеуге міндетті», -деді Арман Ақсубаев.

Бұл ретте тұтынушы сапаны тексеруге және тауарға сараптама жүргізуге жеке өзі немесе өзінің өкілі арқылы қатысуға, сондай-ақ тауарды өз есебінен тексеруге құқылы екенін есте сақтау қажет.

Арман Ақсубаев ұсынымдар ретінде алматылық тұтынушыларға сапасыз тауар сатып алған жағдайда сауда орнында өзінің болғанын және сатып алғанын растау үшін суретке түсіруді ұсынады.

«Дүкендерде суретке түсіруге тыйым салынбайды. Егер чек жоғалған немесе берілмеген болса, бұл болашақта көмегін тигізуі мүмкін», - деп толықтырды департамент басшысы.


Соңғы жаңалықтар