Сатушыны пышақпен қорқытып, дүкен тонаған қостанайлық ұсталды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай қаласы «Солтүстік» полиция бөлімшесінің қызметкерлері дүкен тонаған күдіктіні қолға түсірді. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі «Фейсбук» парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиға 13 қаңтар күні Қостанай қаласы Складской көшесіндегі дүкендердің бірінде болған. Күдікті пышақ алып шығып, сатушыны қорқытқан. Осылайша, ол саудадан түскен 25 мың теңгені алып кеткен. Жәбірленуші бірден полицияға хабар берді.

«Жедел-тергеу тобы оқиға орнынан күдіктінің пышағын тапты. Осы дерек бойынша Арқалық қаласының 19 жастағы тұрғыны ұсталды. Күдіктіде ұрланған ақшаның 7 мың теңгесі болған. Ол бұған дейін сатып алушы ретінде дүкенге бірнеше рет келгені анықталды. Қаскөйлік әрекетін дүкен ішіндегі адамдар шығып кеткен соң жасаған», - дейді полицияның баспасөз қызметінің маманы Кенже Қонысбай.

Қазір осы факт бойынша соталды тергеу жұмыстары жүргізілуде.

Соңғы жаңалықтар