Саттар Мәжитов: Конституция - елді әлеуметтік-экономикалық жаңғырту жолында басты тұрақтандырушы фактор

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстанның ағымдағы Конституциясы тәуелсіздіктің басты жетістіктерінің бірі. Ол елді әлеуметтік-экономикалық жаңғырту жолында басты тұрақтандырушы фактор болып табылады. Бұл туралы ҚР Президенті Мұрғатында Қазақстан Республикасы Конституциясы Күніне орай өткізілген Дөңгелек үстел барысында тарих ғылымдарының докторы, профессор Саттар Мәжитов мәлімдеді.

«Күнделікті өмірде Ата Заңды қалтаңнан тастамай алып жүру міндетті емес. Алайда, күн сайын, сағат сайын біздің құқықтарымыз сынға түсіп жатады. Ал оларды осы Ата Заң қорғайды. Құқықтық мемлекет дегеніміз осы. 1995 жылы 30 тамызда қабылданған Конституция біртекті мемлекеттегі билікті орталықтандыруға бағытталған парасатты қадам болды. Бұл, халықтың билік төңірегіне топтасуына, сондай-ақ, әлеуметтік, этносаралық, конфессияаралық мүмкін болар жанжалдарды болдырмауға мүмкіндік берді», - деді С. Мәжитов.

Сонымен қатар, ол Қазақстан Конституциясының елде қайта құрулар, реформалар жүргізуде әлеуетінің зор екендігін айтты. 

«Қазақстанда 1997 жылы «Қазақстан-2030», бертін келе «Қазақстан-2050» стратегиясы қабылданды. 5 институционалды реформаны жүзеге асыруда Ұлт жоспары - «100 қадамды» орындау, Мәңгілік ел жалпыұлттық идеясын жүзеге асыру - Ата Заңымыздың әлеуетінің зор екендігін көрсетеді», - деді С. Мәжитов.

Іс-шараға ҚР Президенті Мұрағатының директоры Борис Жапаров, Алматы қаласы, Медеу ауданының әкімі Ержан Жылқыбаев, тарих ғылымдарының докторы, профессор Саттар Мәжитов, Қазақстанның еңбек ері, белгілі педагог Аягүл Миразова, сондай-ақ, Медеу ауданының әкімдігі, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдері қатысты.

Дөңгелек үстел аясында Негізгі Заңды қабылдаудағы дайындау үрдістерін, 1995 жылғы Конституцияның жобасын талқылап және дайындаудағы тарихи кезеңдерді ашатын тарихи-құжаттамалық көрме ашылды. Онда көпшілік назарына Елбасы Н. Назарбаев қол қойған, 1995 жылғы түпнұсқалық Ата Заң да ұсынылды.  

Айта кетелік, ағымдағы Конституция 1995 жылы 30 тамыз күні жалпыхалықтық Референдум негізінде қабылданды және 5 қыркүйек күні өз күшіне енді. Ол 9 тараудан және 98 баптан тұрады. Бұл, тәуелсіз Қазақстан тарихындағы екінші Конституция. Алдыңғы, парламенттік сипаттағы Конституция 1993 жылы 28 қаңтарда ХІІ шақырылған Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің ІХ сессиясында қабылданды.

Ал, бұған дейін Қазақстан тарихында, Кеңес дәуірі тұсында үш Конституция болған. Біріншісі, 1926 жылы 18 ақпанда КСРО құрылғаннан кейін 1925 жылғы РСФСР Конституциясы ескеріле отырып, ҚазАКСР Орталық Атқару Комитетінің қауылысымен түпкілікті редакцияда қабылданды. Өйткені бұл кезде Қазақстан РСФСР-дың бір бөлігі еді. Екінші, сталиндік Конституция - 1937 жылдың 26 наурызында Кеңестердің Бүкілқазақстандық Төтенше Х Съезінде қабылданды. Ол - Қазақ КСР Конституциясы деп аталды. Онда «КСРО Конституциясының 14-бабынан тыс, Қазақ КСР өзінің егемендік құқықтарын толық сақтай отырып, мемлекеттік билікті өздігінен жүзеге асырады» делінген. Үшінші Конституция ІХ шақырылған республика Жоғарғы Кеңесінің кезектен тыс VII сессиясында 1978 жылы 20 сәуірде қабылданды. Сол Конституцияға сәйкес, бүкіл өкімет билігі жұмысшы, шаруа және еңбек интеллигенциясы таптарына жататын халықтың қолында болды.

Соңғы жаңалықтар