Сатбаевта кезекте тұрған 16 отбасы баспаналы болды

Фото: None
СӘТБАЕВ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысының Сәтбаев қаласында 16 отбасы жаңа пәтер кілттерін алды. Жаңа қоныстанушылардың қатарында көпбалалы отбасылар, мемлекет қызметшілері және баспанасы апатты немесе тұруға жарамсыз деп танылған азаматтар бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Наурыз айында төрт қабатты үйді пайдалануға бердік. Жаңа үй қоныстанушыларға бақыт пен жылулық әкелетіні сөзсіз. Сіздерге амандық пен мол дастархан тілеймін!» – деп құттықтады пәтер иелерін Сәтбаев қаласының әкімі Асқар Ыдырысов.

Игібаевтар отбасы төрт жыл кезекте тұрған, осы күнге дейін жатақхананы паналап келген.

«Төрт жыл бұрын сегіз пәтерлі екі қабатты үйімізде өрт болды. Үй ағаш, ескірген, ол бірден жанып кетті. Барлығымызды жан-жаққа қоныстандырды, бізге жатақханадан бөлме берілді, қаржылай көмек көрсетілді, кезекке қойды. Міне, биыл төрт қабатты жаңа үйде екі бөлмелі пәтердің кілтін алдық. Біз бақыттымыз», - деп бөлісті отағасы Бақыт Игібаев.

Көпбалалы ана Индира Ошибаева өз кезегін жеті жыл күткен. Отбасы алты бала тәрбиелеп отыр, олардың үлкені 13 жаста, ал кішісі бір жаста.

«Бұрын күйеуіміздің ата-анасымен тұратынбыз, содан кейін тағы төрт жыл тұрғын үйді жалға алдық. Бақытымызға орай, биыл кезегіміз келді және бізге үш бөлмелі пәтер берілді. Біз жаңа пәтерде болдық. Ол кең, жарық, жөндеу жақсы жасалған. Барлық бөлмелерде жылы едендер бар. Біз қуаныштымыз және ризамыз», – деді Индира.

Айта кетейік, Сәтбаев қаласында тұрғын үй кезегінде барлығы 1977 адам тұр.


Соңғы жаңалықтар