Сәтбаев меценаттары мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасына пәтер кілтін табыс етті

None
None
СӘТБАЕВ. ҚазАқпарат – Сәтбаев қаласының жомарт жандары мүмкіндігі шектеулі бала асырап отырған көпбалалы анаға пәтер кілтін сыйлады. Бұл қаладағы «Мейірім шуағы» меценаттар клубының көмегімен баспана алған үшінші отбасы, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сәтбаев қаласында ерекше бала тәрбиелеп отырған тағы бір отбасы қоныс тойын атап өтті. Көптен күткен баспананы көпбалалы ана Айнұр Жүнісова «Мейірім шуағы» меценаттар клубының бастамасының арқасында алды. Бұл пәтер кілтін алып отырған алғашқы отбасы емес. Осыған дейін қайырымдылық акциясы аясында тағы екі отбасы баспаналы болды.

Клуб мүшелері бастамасының негізгі мақсаты – мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға өз көмегін ұсыну.

«Осы мақсатымыздың іске асып жатқаны жанымызға қуаныш сыйлайды. Ерекше балаларды тәрбиелеп отырған Айнұр Жүнісова бізге өтініш білдіріп, көмек сұрай келген болатын. Көпбалалы, батыр ананың өтінішін жерге тастамай өз тарапымыздан бүгінгі таңда тұрғын үй құрысын салумен айналысатын Марғұлан Молдашов және Абай Байділдаев есімді кәсіпкерлерге жеткіздік. Өтініш жерде қалмады, олар жомарттығын көрсетті. Нәтижесінде Айнұр есімді көпбалалы анамыз Шаталюк көшесі 22 мекенжайында орналасқан, күрделі жөндеуден өткен тұрғын үйден 3 бөлмелі пәтерге қол жеткізді. Бұл үшін әрине, қолдау білдірген барша азаматқа алғысымызды білдіреміз. Біз әрқашан бір бірімізге демеу болуымыз керек. Сонда ғана бірлігімізді көрсете аламыз. Қоныс той құтты болсын! Сөз соңында барша қаламыздың тұрғындарын сабырлыққа шақырғым келеді»,- деді «Мейірім шуағы» меценаттар клубының төрайымы Меруерт Бақбергенова.


Сондай-ақ, клуб төрайымы Сәтбаевтағы соңғы жағымсыз оқиғаларға байланысты жергілікті тұрғындардың көңіл-күйі түсіп, алаңдаушылық пайда болғанын айтты. Алайда, көп балалы және мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған аналар үшін тұрғын үй сатып алу секілді осындай игі істер жақсылыққа деген сенімді нығайтады дейді ол.


Соңғы жаңалықтар