Сәтбаев қаласында ашық аспан астындағы мұражай ашылды

None
None
СӘТБАЕВ. ҚазАқпарат – Сәтбаевта «Ұлы дала» тарихи парк-мұражайы ашылды. Ол өткен жылғы «Керуен» мүсіндік композициясының жалғасы болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ұлы дала» тарихи паркі бекініс қабырғасына ұқсайтын кірпіш қоршаумен қоршалған. Аумақта Сарыарқаның тарихи көрікті жерлерінің макеттері – Алаша, Жошы, Домбауыл жауынгері, Орда ханы, Аяққамыр, Болған ана кесенелері орналасқан. Сондай-ақ саябақта Ұлытау тауларының миниатюрасы, Теректі петроглифтері, әйгілі төрт бидің «Төрт босаға» барельефі қойылған. Айналасында ағаш егіліп, орындық, қоқыс жәшіктері қойылған, жарық бағандары орнатылған.

«Бұл саябақ Сәтбаев тұрғындары үшін демалыс орнына ғана емес, сонымен қатар жастар біздің тарихымызбен танысып, тақырыптық кездесулер мен зерттеулер өткізе алатын орынға айналады. Сондай-ақ, ол туристердің назарынан тыс қалмайды. «Ұлы дала» саябағының Ұлытау көшесінде орналасқандығы да кездейсоқ емес. Тарихи мәліметтер дәл осы жерде бір кездері Ұлы Жібек жолының шағын керуені өткенін көрсетеді», – деп атап өтті Сәтбаев қаласының әкімі Асқар Ыдырысов.


Саябақтың салтанатты ашылуынан кейін алғашқы келушілер үшін таныстыру экскурсиясы ұйымдастырылды. Гид-экскурсовод ашық аспан астындағы мұражай экспонаттарының әрқайсысы туралы танымдық ақпарат ұсынды. Сондай-ақ қонақтар ежелгі қазақ музыкалық аспаптарын жасау бойынша халық кәсіпшілігінің тарихымен танысып, ұлттық және классикалық музыканы тыңдады.


Соңғы жаңалықтар