Сарыөзекке газ екі жыл бұрын келгенімен, халық рахатын көре алмай отыр

None
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Жетісу облысының Сарыөзек ауылына екі жыл бұрын тартылған газдың рахатын халық көре алмай отыр. Себебі, шенеуніктер дайын дүниені екі жылдан бері әлі қоспаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сарыөзек ауылындағы көшелердің бойына газ құбырлары толықтай тартылған. Жалпы осы ауылды көгілдір отынмен қамту үшін жүргізілген құбырдың жалпы ұзындығы - 122 шақырым. Бірақ, ауылға келіп тұрған газдың рахатын сарыөзектіктер 2 жылдан бері көре алмай отыр.

«Сарыөзек кентінде 2019 жылы газ құбыры құрылысы жүргізілген. 2020 жылы қосамыз деген. Енді халық сұрап жатыр. Газды қашан қосады?»,- деді Сарыөзек ауылының тұрғыны Қайрат Батталиев.

Сарыөзек ауылына газ құбырын тарту үшін 1,8 млрд теңге қаржы жұмсалған. Бұл станцияның құрылысы, тіпті 2019 жылы біткен. Бірақ Кербұлақ ауданында газға қосылған бірде-бір елді-мекен жоқ. Тіпті, дайын тұрған станция іске де қосылмаған.

«Зерттедік, мердігер компания уақытында жұмыс істеген, мердігер тарапынан бәрі дұрыс. Мердігер компаниямен жұмыс істеген біздің алдымыздағы басшылық жұмыстың бәрін қабылдап алған», - деді Жетісу облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы

Ернат Бәзіл.

Қазір Жетісу облысындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшылығы миллиардтаған қаржыға жасалып, бірақ халық иегілігін көрмей отырған нысандардың барлығына тексеру жүргізіп жатыр.

«2020 жылы Сарыөзек ауылының ішіне тартылған газ жүйесінің құрылысы біткен. Алайда, сол жылдан бастап, әлі күнге дейін халыққа газ берілмеді. Бұл бойынша да бізбен талдау жүргізіліп, облыс әкімшілігімен бірігіп, мердігер компаниямен сөйлесіп, ақаулар, орын алған кемшіліктер бәрі жойылу үстінде. Енді атқарушы органның айтуынша, желтоқсан айының соңына дейін халыққа газ беріледі», - деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жетісу облысы бойынша департаментінің басшысы Мақсат Жебегенов

Жалпы Жетісу облысында 192 елді-мекеннің тек 10 пайызы газбен қамтылған. Ал оның қаншасында мемлекеттің қаражаты жұмсалып, халық игілін көрмей отырғанын Антикор тексеріп жатыр.


Соңғы жаңалықтар