Сарыарқа төсіндегі экзотикалық гүл бейнесіндегі ғимаратты білесіз бе

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорданың сәулетті ғимараттарын жобалау ісінде әлемге танымал Кисе Курокава мен Норман Фостермен қатар танымал италиялық сәулетші Манфреди Николеттидің де қолтаңбасы бар екендігін көпшілік біле бермейді. Ол Қазақстан елордасының қақ төрінде бүгінде «Қазақстан» орталық концерт залы деген атаумен танымал үлкен экзотикалық гүлді отырғызды десек артық айтқандық емес. «ҚазАқпарат» оқырмандарының назарына осынау бірегей ғимарат туралы мәліметтерді ұсынады.

Манфреди Николетти (Manfredi Nicoletti) Италияның дәл ортасындағы Риетти қаласында дүниеге келген. Бүгінде танымал сәулетші Италиядан бөлек бірнеше мемлекетте 25-ке жуық таңғажайып нысандарды жобалағаны белгілі. Ол - әлемдегі ең озық жобалаушы ғана емес, сондай-ақ құрылысының табиғи принциптерімен әлемге танымал болған қазіргі заманғы ең талап етілетін сәулетші. Ал бүкіл ТМД аумағында бірегей нысан саналатын «Қазақстан» орталық концерт залы сәулетшінің соңғы жұмыстарының бірі есептелінеді.

«ҚазАқпарат» тілшісімен әңгімелесу барысында көрермендерге қызмет көрсету бөлімінің басшысы Бибігүл Тұрғымбаева ғимарат салынар алдында оның төңірегінде Ақорда мен Министріктер үйінен басқа еш ғимарат болмағанын айтады.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясымен салынған бірегей әрі теңдесі жоқ «Қазақстан» орталық концерт залы озық технологиялармен жабдықталған. Онда әлемдік және отандық концерттер, салтанатты іс-шаралар мен ресми кездесулер, көрмелер мен конференциялар өткізіліп тұрады. Ғимаратты Қазақстан Президенті 2009 жылдың 16 желтоқсанда салтанатты түрде ашқан болатын. 2016 жылдан бастап бұл ғимаратта еліміздің ең ірі концерттік ұйымы - «Қазақконцерт» еңбек етуде.

Ғимаратта ең маңызды орынды 3 мыңға жуық шаршы аумақты алып жатқан пьяцца-фойе алады. Пьяцца-фойе - қонақтардың бос уақытын тиімді өткізіп, көңіл көтеруіне негізделген ыңғайлы да жайлы демалу алаңы. Ғимаратқа кірген бетте алдыңыздан домбыраның шанағы шығады. Айта кетерлігі, мұндай көріністің орын алуы да тегін емес.

«Қазақстанның мәдениетімен жан-жақты танысқан маэстро домбыраның үніне тәнті болып, залдың сыртқы пішінін қазақтың музыкалық аспабы түрінде жасауға шешім қабылдаған екен», - деді Бибігүл Тұрғымбаева.

Көрермен залы арена іспетті. Зал, нақты айтсақ, бұл бүтін атриум, музыкалық аспап үлгісінде жасалған және симфониялық концерт болсын, опера не кинокөрсетілім болсын, кез келген шоуға бейімделе алады. Мұнда барлық жаңа технологиялар жинақталған және ешқандай да артық материал немесе тігін жоқ. Атриум ішкі және сыртқы жағынан акустикаға еш кедергісіз өзінің міндетін атқаруға мүмкіндік беретін арнайы ағашпен қапталған. Тіпті концерт залының едені жоғары тозуға төзімді арнайы паркетпен жасалған және аса бейнелі акустикалық бейімділікпен жатқызылған.

Зал партер (488 орын), бельэтаж (543 орын), балкон (1804 орын) және галерея (396 орын) деп аталатын 4 секторға бөлінген. Сондай-ақ атриумның тиімді бір қасиеті көзге кішкене болып көрінуін атап өткен жөн. Бұл жеке аспалы перделердің арқасында жүзеге асырылады, оларды төбе фермаларына бекіткенде залдың жоғары деңгейі - галереяны алып тастауға, сондай-ақ залдың үшінші деңгейі балконды алып, жауып тастауға болады. Осы арқылы үш жарым мың орынға арналған зал жеп-жеңіл екі мың орынға арналған залға айналып шыға келеді.

Аралық пульт арқылы бір адаммен басқарылатын көп функциялы сахнаның алдыңғы жағында оркестрге арналған шұңқыр орналасқан, оның түсу және көтерілу уақыты 4 минутты құрайды. Оркестр шұңқырының тереңдігі 4,5 метр болады және оркестр үшін жеке шығар есіктер қарастырылған. Сахнаның артқы жағы хорға арналған және 7 хор ярусынан тұрады, олар да аралық пульт арқылы басқарылады және толық көтерілгенде биіктігі үш метрге дейін жетеді.

Сахнаның үстінде, оның ең орталық нүктесінде жалпы қуаты 25 киловатт «Renkus-Heinz» Америка фирмасының дыбыстық кластері орналасқан. Сондай-ақ залдың периметрі бойынша 12 маңдай алды колонкалар орналасқан, олар дыбысты тура барлық бағыт бойынша таратады және әр секторға жеткізеді. Акустикалық жүйенің мақтанышы арнайы итальян технологиясы бойынша жасалған, міндеті әртүрлі бұрыш көлбеулерін ала отырып, концерттің акустикалық дыбысталуын толық жетілдіруге арналған 22 үлестіргіш-гүл жапырағы болып табылады.

Егер қабырғаға назар аударатын болсақ, онда арнайы акустикалық тартылу мен дыбысты кері бағыттайтын әсері бар қабырғалық перделерді көруге болады. Перделерді басқару арналған бағдарламасы бар жеке компьютер арқылы жүзеге асырылады. Дыбысты қабылдауды жақсарту үшін арнайы акустикалық қондырма сондай-ақ концерт залының креслоларының төменгі жағында орналасқан.

Ғимаратта үш көріністі лифт, киім ілетін 2 орын, тауарлардың эксклюзивті түрлерін ұсынатын сегіз бутик, техниканың соңғы сөзімен жабдықталған 200 және 300 орындарға арналған екі конференц-зал, 250 орынға арналған камералық зал, қоғамдық тамақтану орындары бар.

Жыл сайын бұл ғимаратта 100-ге жуық концерт өтіп, оны 200 мыңнан астам адам тамашалайды.  

Соңғы жаңалықтар