«Сарыарқа» құбырынан солтүстікке газ тарту оңтүстікті тығырыққа тіреуі мүмкін – Роман Скляр

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр Мәжіліс депутаттарының саулаына жолдаған жауабында Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарын «Сарыарқа» магистральдік құбыры арқылы газбен жабдықтау жобасы өзектілігін жойғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сіздердің сауалыңызда айтылғандай, солтүстік аймақтарды газдандырудың екі нұсқасы қарастырылған. «Сарыарқа» магистральдық газ құбырынан газдандыру нұсқасы бойынша 2022 жылғы маусымда «АстанаГаз ҚМГ» АҚ Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарын газдандыруды көздейтін «Сарыарқа» МГҚ 2, 3-кезеңдерін салу» жобасына техникалық-экономикалық негіздемені түзетті. Әзірленген жобаға сәйкес аталған облыстардың газды тұтыну көлемі – шамамен 245 мың м³/сағ немесе жылына 657 млн м³. Сонымен қатар «Сарыарқа» МГҚ «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбырына (бұдан әрі-ББШ газ құбыры) қосылған, ол 2022-2023 жылдардың күзгі-қысқы кезеңінде 106%-ға жүктелген (жобалық жүктеу 1 720 м³/сағ болған кезде, нақты жүктеме 1 820 мың м³/сағ құрады)», - делінген жауапта.

Айтуынша, бұл жайт Солтүстіктегі өңірлерді газдандырудың басқа жолдарын пысықтауды қажет етіп отыр.

«Осыған байланысты аталған облыстардың айтарлықтай тұтыну көлемін ескере отырып, жобаны іске асыру еліміздің оңтүстік өңірлерін газбен жабдықтайтын негізгі газ артериясының тұрақты жұмысының бұзылуына әкелуі мүмкін.

Қолданыстағы газ құбырының өткізу қабілетін кеңейту мақсатында «QazaqGaz» ҰК» АҚ ББШ газ құбырының 2-ші тізбегін жобалау бойынша жұмыстарды бастады, оның аяқталу мерзімі ағымдағы жылдың соңына дейін. Солтүстік өңірлерді газдандырудың бірнеше нұсқасы қарастырылуда. Меншікті газ тасымалдау жүйесі мен газ ресурстарының техникалық мүмкіндіктері айқындалғаннан кейін оңтайлы нұсқа әзірленетін болады», - дейді Роман Скляр.


Соңғы жаңалықтар