«Сарыарқа» газ құбырының негізгі проблемалары қандай

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Еліміздің солтүстік өңірлерін газдандыруға арналған ауқымды жоба - «Сарыарқа» газ құбырының алғашқы шақырымы тартылды. Тапсырмаға сәйкес, алдымен Нұр-Сұлтан қаласына дейінгі бөлігі салынады. Одан кейін қазақстандық көгілдір отын біртіндеп солтүстікке жеткізіледі. Бірақ қазірдің өзінде осы жобаның бірқатар мәселелері көріне бастады. ҚазАқпарат тілшісі газдың кімге және қалай тартылатынын, сондай-ақ осы саладағы негізгі проблемаларды сараптап шыққан еді.

Жалпы алғанда Қазақстанның табиғи газ қоры аз емес. Еліміз әлем бойынша 22-і орында, ал ТМД аумағында Ресей мен Түрікменстаннан кейін үшінші орында тұр. Көгілдір отынның жалпы қоры 3,9 триллион текше метрді құрайды екен. Соның басым бөлігі - мұнай кен орындарынан шығатын ілеспе газ. Өткен жылы Қазақстанда 55,5 миллиард текше метр газ өндірілді. Соның 15 миллиард текше метрі ішкі нарыққа жіберілсе, 19 миллиардтан астамы шетелге сатылған.

Айта кетерлігі, биылдан бастап экспортқа шығарылатын көгілдір отынның 10 миллиард текше метрі Қытайға тасымалданатын болады. Осы орайда «Бейнеу-Шымкент» сияқты жобалардың тиімділігі зор екені байқалып отыр. Аталған құбырмен Батыс Қазақстандағы кен орындарынан шығатын табиғи газ оңтүстік облыстарға жеткізіледі. Онымен тоқтап қалмай, отандық шикізат «Түркіменстан-Өзбекстан-Қазақстан-Қытай» транзиттік газ құбырына құйылып, ары қарай көрші Қытайға да тасымалданады.

Ал «Сарыарқа» құбыры дәл сол «Бейнеу-Шымкент» газ құбырының бір тармағы болып отыр. Олардың түйісетін жері - Қызылорда облысының Қараөзек кенті. Бүгінде ол жерде жұмыс істеп тұрған арнайы компрессорлық станса газды оңтүстік өңірлерге, сондай-ақ, Қытайға жеткізуді бөліп, үдетіп отырады. Осылайша Қараөзектегі станса көгілдір отынды «Сарыарқа» газ құбырына да айдайтын күн алыс емес.null

ҚР Энергетика министрлігінің жақында жариялаған мәліметіне сәйкес, жаңа құбыр жолының бір шақырымнан астамы салынып бітті. Бұндай қарқынмен жылдың аяғына дейін осы жобаның елордаға дейінгі учаскесі уақытында аяқталады. Алайда құбырдың тармақтарын таратып, елді мекендерді газдандыру жағынан бірқатар қиындықтар бар сияқты. Мәселен, Қарағанды облысында газ Теміртау, Жезқазған, Шаxтинск, Саран мен Абайға тартылады. Бұдан бөлек, облыстың 114 елді мекенін табиғи газбен қамтамасыз ету көзделіп отыр. Қарапайым тұрғындармен қатар АрселорМиттал Теміртау, Қазақмыс, Жәйрем кен байыту комбинаты сияқты ірі компаниялар да газдың келуін күтіп отыр. Бұндай комбинаттар өздерінің өндірістік нысандарын табиғи газға көшіруге әзір екен.

Жоспарға сүйенсек, Қарағанды облысы «Сарыарқаның» газын ең көп тұтынатын аймақ болайын деп отыр. Себебі құбырдың 80 проценті осы облыспен өтеді. Ондай игілік халықтың тұрмыс сапасы үшін де қажет.

Алайда бірқатар нормативтік мәселелер осы өңірді газдандыру шараларын тежеуі мүмкін екен. Қарағанды облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ұлантай Үсеновтың айтуынша, бүгінде республика бойынша газдандыру шараларын жүргізудің сызба-нұсқасы жасалған. Оның ішінде Қарағанды облысы да көрсетілген. «Алайда мемлекеттік сараптама қызметі теxникалық-экономикалық негіздемені талап етіп отыр. Ол құжаттың қажеті шамалы. Бірақ дәл соның салдарынан Қарағанды облысын газдандыру шаралары іркіліп отыр. Себебі әрбір елді мекенге теxникалық-экономикалық негіздеме жасау қажет. Ол жұмысқа бір жыл кетеді. Сосын жобалық-сметалық құжаттарға тағы бір жылдай керек. Сөйтіп, «Сарыарқа» құбыры үшін тағы екі жылымыз текке кетейін деп тұр», - дейді Ұлантай Үсенов.null

Осы орайда мамандар Талдықорған қаласының тәжірибесін ерекше атап өтеді. Ол жерде газ инфрақұрылымы техникалық-экономикалық негіздемесіз жасалған. Соның арқасында біраз уақыт қана емес, қаражат та үнемделді.

Тағы бір мәселе - құрылыстағы қазақстандық қамту. «Сарыарқа» газ құбырының құрылысын атқару үшін «Астана Газ ҚМГ» АҚ құрылған болатын. Аталған компания «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының еншілес кәсіпорны болып саналады. Астана Газ ҚМГ өз кезегінде «ҚазСтройСервис» компаниясымен келісімшартты рәсімдеп, оған құрылыс жұмыстарына тапсырыс берді. Мердігер отандық компания болып табылады. Алайда құрылыс жұмыстары кезінде отандық материалдарды пайдалану көрсеткіші әлі де төмен болып тұр. «Астана Газ ҚМГ» АҚ бас директоры Сағидолла Мақашевтің сөзіне қарағанда, құбырларды Ресейдің Челябі зауыты мен Қытайдың China Petroleum Technology жеткізеді. Аталған екі компаниямен келісімшарттар да рәсімделді. Ал АрселорМиттал үлкен диаметрлі құбырларды жасап береді. «Бұдан бөлек, тағы бір отандық тауар өндіруші - «Бёмер арматурен Қазақстан» ЖШС-мен келісімшарт жасалды. Аталған компания арматура, шарлы крандар сияқты өнімдерді жеткізеді. Сосын газ өлшеу стансасы бойынша «БатысМұнайГазЖабдықтары» ЖШС-імен келісімге отырып жатырмыз. Бұдан бөлек, газ тарату стансаларын да отандық тауар өндірушілерден сатып алуды көздейміз», - деді Сағидолла Мақашев Парламент Мәжілісінде өткен «дөңгелек үстелде».

Әйтсе де, депутаттардың жергілікті қазақстандық қамтуға көңілдері толмады. Мәселен, депутат Альберт Рау министрліктің өзіне берген ресми жауабына қарап отырып, «Сарыарқа» газ құбырында қазақстандық қамтудың мөлшері әлі де төмен екеніне назар аударады. «Министрдің маған берген жауабында қазақстандық қамтудың көрсеткіші небары 10 процентті құрайды. Сонда жапқыштарды ғана өзімізден аламыз, ал қазақстандық қамту төмен болып қала береді. Газ құбырына 266 мың тонна (метал - авт.) жұмсалады. Қытайлықтар Алматыда 100 мың тонна шығаратын зауытты салуды бастады. Зауыттың құрылысын тездетіп, тапсырыстың жартысын өзімізге қалдыруға болатын еді. Өкінішке қарай, үлгермей қалдық», - дейді Альберт Рау.null

Газдың бағасына келер болсақ, алдағы уақытта оның құны арзандамайды. ҚР Энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, қазірдің өзінде ішкі нарыққа сатылатын газдың құны өз бағасынан да төмен болып тұр. Тіпті, соңғы төрт жылдың ішінде «ҚазТрансГаз» ұлттық компаниясы 200 миллиард теңгеге шығындалған көрінеді. Осыған байланысты жаңа заң жобасында газ саласындағы ұлттық оператордың қаржылық жағдайын қолдау мақсатында тауарлық газдың бағасын белгілеу тетігі енгізіліп отыр. «Біз мынадай формуланы әзірледік, газ жеткізудің өзіндік құны + 7 процент ұлттық оператордың рентабельдік нормасы», - дейді Мағзұм Мырзағалиев. Соған қарағанда, газдың бағасы көтеріледі. Сосын әрбір үйді газға қосу үшін де біршама шығын шығаруға тура келетін тәрізді.

Тағы бір айта кетерлігі, мамандар газ инфрақұрылымын салғанда жауапты әрі адал мердігерлердің қызметіне жүгінген жөн деп санайды. Әйтпесе, Түркістан облысындағы жағдай қайталануы әбден мүмкін. Есте болса, оңтүстікте газ тарату жүйелері дұрыс салынбаған. Соның салдарынан біраз xалық әлі де газға қол жеткізе алмай отырғаны белгілі. Ал «ҚазТрансГаз» дұрыс салынбаған жүйелерді өз балансына алғысы келмейді. Осы мәселеге байланысты жақында Түркістан облысына арнайы комиссия да барып келген-ді. Соның есебіне сәйкес, 10 газ тарату стансасы дұрыс салынбағаны белгілі болыпты. Ал «ҚазТрансГаз» мұндай олқылық үшін жауапкершілікті өз мойнына алғысы келмейді. ҚР Энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиевтің сөзіне қарағанда, облыстағы газ мәселесін шешу үшін алдымен әкімдік, я болмаса, мердігер компаниялардың күшімен қазіргі теxникалық олқылықтарды түзетуі керек. «Сосын тариф мәселесі тағы бар. Бүгінде тариф бірден бес жылға бекітіледі. «ҚазТрансГаз» өкілдері айтады, газ жүйелерін әкімдіктен қабылдайтын болсақ, оның бәрін ұстау үшін штатты ұлғайтуға тура келеді. Жаңа жұмысшыларға жалақы төлеу керек. Ал тарифті өзгертуге болмайды. Демек, аталған мәселені шешудің екі жолы бар. Тарифті көтеру керек. Сонда «ҚазТрансГаз» қосымша шығындарын өтей алады, ал олай болмаса, әкімдік ол ақшаны жергілікті бюджеттен төлеп отыруы тиіс. Мәселен, «ҚазТрансГаз» бен әкімдік келісімшартқа отырады да, жергілікті бюджеттен компанияның сервистік қызметі төленіп тұрады. Талдықорған қаласында солай істейді. Мен бұл мәселені өз мойныма алуға дайынмын. Жылдың соңына дейін аталған мәселені шешуге тырысамыз», - дейді Мағзұм Мырзағалиев.

Осылайша, министрлік өкілі «Сарыарқа» газ құбырынан таралатын инфрақұрылымды салғанда бұрынғыдай проблемалар туындамайтынына сендіреді. Әйтсе де, мамандар газ инспекциясы сияқты құрылымды қайта қалпына келтіру керек дегенді алға тартады. Расында, бұндай қызметтің арқасында апаттық жағдайлардың алдын алуға болады.

Соңғы жаңалықтар