Сарыағаштық тұрғын тауыс құсын өсіруде

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Дербісек елді мекенінің тұрғыны тауыс құсын өсіруде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тауыс өңір үшін таңсық құс болатын. Үй құсының бұл түрін қазір «Рахманберди» шаруа қожалығының басшысы Рахманберді Өсербаев алғашқылардың бірі болып өсіруді қолға алып отыр. Сонымен қатар ол қырғауылдың 7 түрі, тауықтың 5 түрі, кептер, түйеқұс, азияттық кекілік, қазы, үйректің 2 түрі, күрке, бөдене бағумен де айналысады.

Сырттан алып келінген құстар қолға үйретілген. Күтімі ерекше тауыс жылына 6 рет жұмыртқалайды. Одан өзге, бұл құс көктем айларында ғана ерекше билеп, өнер көрсетеді. Алғашында 2 тауыс құсын сатып алып, жерсіндірген кәсіпкер оны көбейтіп санын 40-қа жеткізген. Сондай-ақ құсқа қызығушы азаматтардың сұранысына сәйкес, 30 шақты тауысты сатып, пайдасын да көріпті.

Алдағы уақытта жеке кәсіпкер құс шаруашылығын кеңейтумен қатар, балық шаруашылығын дамытуды да жоспарлап отыр.


Соңғы жаңалықтар