Сарыағаштағы оқиға: Бірқатар шенеунік қызметінен шеттетілді

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат  - Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Сарыағаш ауданы Абай ауылында орын алған келеңсіз жағдайға байланысты жауапты тұлғаларға ескерту мен сөгіс берді, деп хабарлайды  ҚазАқпарат тілшісі.

Жиында әкім аталған оқиға дер кезінде назарға алынып, тиісті жұмыстар атқарылмағандықтан, бұқаралық ақпарат құралдары мен қоғам арасында дау туғанын айтты. Осы мәселеге қатысты жауапты азаматтар тәртіптік жазаға тартылатынын жеткізді. Тергеу объективті және жан-жақты жүргізілуін қамтамасыз ету үшін тергеу амалдары аяқталғанға дейін осы оқиғаға қатысты барлық лауазымды тұлғалар мен жауапты қызметкерлер өз қызметтерінен уақытша шеттетілді.  Облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібековке қатаң ескерту берілді.

«Аудандағы жағдайды дер кезінде назарға алып, тиісті шара қабылдамаған аудан әкімі Қайрат Әбдуәлиевке қатаң сөгіс жариялаймын. Бұдан бөлек, сол салаға жауапты аудан әкімінің орынбасары Құдірет Қыстаубаевқа шара қолдануды және Сарыағаш аудандық білім бөлімінің басшысы Бауыржан Майрихов пен №73, №74 жалпы орта мектеп  директорларын тергеу амалдары аяқталғанша жұмыстан шеттетуді тапсырамын», - деді Жансейіт Түймебаев.

null 

Сондай-ақ, өңір басшысы облыстық білім басқармасының басшысы Исатай Сағындықовқа  сөгіс берілетінін атап өтті.

Мұнан басқа әкім аталған мәселе бойынша эксперттік комиссия ауданда және облыста екі рет медициналық тексерулер жүргізіп, қорытынды бойынша баланың зорланғандығы расталмағанын мәлім етті.

Айта кетейік, облыстық ІІД бастығы Қайрат Ділбеков бірқатар полиция қызметкері де жұмыстан босатылатынын мәлім еткен болатын.

«Қадағалау дұрыс деңгейде жүргізілмегені үшін облыстық жергілікті полицияның жасөспірімдерді қадағалау органның өкілі Бұралхиев қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылады. Сарыағаш аудандық жергілікті полиция қызметінің басшысы Бердалы Оразгелдиевті қызметінен босатуға, Абай жергілікті полиция қызметінің бастығы Әсет Ибрагимовті жұмыстан босатуға, мектеп инспекторын қызметінен босатуға ұсыныс беремін»,- деді әкімдікте өткен отырыс барысында Қайрат Дәлбеков.


null

Жиын барысында өңір басшысы алдағы уақытта бұл мәселе қатаң бақылауға алынып, өңірдегі барлық білім ұяларында профилактикалық жұмыстар жүргізілетінін атап өтті.

«Бұл жалпы облысымыздағы, қалалардағы, аудандардағы білім саласындағы кемшіліктерді көрсетіп отыр. Сондықтан барлық қала-аудан әкімдерін, жергілікті қоғамдық және ардагерлер  кеңестерімен мектеп оқушыларының бос уақытындағы іс-шараларын дұрыс ұйымдастыру бойынша іс-шараларды қолға алуды тапсырамын. Ал, облыстық ішкі істер мен құзырлы орган өкілдеріне мектептердегі ақша жинау, әлімжеттік бойынша түрлі қылмыстарға мониторинг жасауды, тиісті іс шаралар жоспарын бір апта мерзімінде жүргізуді тапсырамын», - деді Жансейіт Қансейітұлы.  

Еске салайық, ОҚО-ның Абай ауылында бірінші сынып оқушысын ұрып-соғу және зорлау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған болатын.

null 

Соңғы жаңалықтар