Сарыағашта үй салу үшін тағы 500-ге жуық тұрғынға жер телімі беріледі

None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Сарыағаш ауданы, Жылға елді мекенінде кезекте тұрған 11 азаматқа жер телімдері берілді. Алдағы уақытта тұрғын үй салу мақсатында 500-ге жуық азамат жер учаскесімен қамтылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жылға елді мекенінде «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы аясында 42 гектар аумақты инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, 16 шақырым электр желілері және 4 дана трансформатор орнатылды. Сондай-ақ ұзындығы 6 шақырымнан аса көшелерге шағал төсеу жұмыстары жүргізілді.

Жер телімін алған ауыл тұрғыны Жарқынбек Қанаев халықтың көкейкесті мәселелерінің бірі шешімін тапқанына қуанышты екендігін жеткізді. Көптен бергі арманының орындалғанын айтып, аудан басшысына алғысын білдірді. Сонымен қатар ауыл қариялары да елге қызмет етіп жүрген азаматтарға ақ батасын беріп, жақсы істер жалғасын таба берсін деген ізгі тілектерін жеткізді.

Айта кетсек, бүгінгі таңда ауданда 18000-нан астам азамат жер кезегінде тұр.


Соңғы жаңалықтар