Сарыағашта гүл өсіруді кәсіп еткендер көбейді

Фото: None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысы Сарыағаш ауданында 80-ге жуық отбасы гүл өсiрумен айналысады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бір қызығы гүл өсірушілердің көпшілігі Дербісек ауылының тұрғындары. Шағын кәсіпке бейімделген олар үй іргелік жерден үлкен табыс тауып отыр.

Альфия Әшірбаева есімді гүл өсіруші келіншек 35 соттық жылыжайындағы жердің 15 соттығын әдеміліктің символы саналатын гүлдерге арнаған. Мұнда көшені безендіруге арналған гүлдердің 20-ға жуық түрі өсуде.

Ауыл шаруашылығын қолдау қорынан төмен пайызбен 6,0 млн теңге несие алған ол жыл сайын 300 000 – 500 000 аралығында гүл көшеттерін өсіріп, сатылымға шығарады. Негізгі тұтынушылары Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Түркістан облысының тұрғындары.

Ал, Жаңыл Сламбекова алақандай жерде дала гүлдерінің 60-қа жуық түрін өсіреді. Оның жылыжайынан шыққан гүлдер бірнеше облыс пен аудан орталықтарында өсіп тұр. Кәсіп иесі 10 жыл уақыт ішінде жинақтаған тәжірибесінің енді ғана жемісін көріп жатқандығын жеткізді.

Ауылдағы Махат Әуешов есімді тұрғын жиырма жылдан бері осы кәсіппен айналысып келеді. Шаруа 20 соттық жеріндегі жылыжай аумағынан алған өнімдерін сату арқылы отбасын асырап отыр. Ал ауласында раушаннан бастап альстромерия, хризантема сынды шетелдік сұрыпты гүлдер өсіп тұр.

«Гүл көшеттерін өсірудің өзіндік қиындықтары бар. Егілген гүлді әр 10-15 күн сайын суарып тұру керек. Жылыжайдағы қалыпты температура 10-15 градус болуы шарт. Ал наурыз айының басынан бастап сабағынан қырқылған гүлдер сатылымға шыға бастайды. Мереке сайын көршілер мен ағайын-туысқа өз ауламызда өскен гүлдерді сыйға тартамыз. Бұл кез келген жанның көңіліне ерекше қуаныш сыйлайтыны анық», - дейді ол.

Жалпы өткен жылы сарыағаштық шаруалар 600 мыңға жуық гүл өсірген.

Осығандейін сарыағаштықтар үй іргесіндегі бақшаға гүл егіп, көл-көсір пайдаға кенеліп отырғанын жазғанбыз.

https://kaz.inform.kz/news/saryagashtyktar-uy-irgesindegi-bakshaga-gul-egip-kol-kosir-paydaga-kenelip-otyr_a3899331



Соңғы жаңалықтар