Сарыағашта екі жігіт шекарадан адам өткізіп, оған 20 мың теңгеден алып отырған

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысының полицейлері заңсыз көші-қон ұйымдастырған күдіктілерді ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Келес полициясына жергілікті тұрғынның бірінен хабарлама келіп түсті.

Аталған хабарламада өңірімізде әлдебір адамдар Өзбекстаннан заңсыз келушілерді шекарадан өткізіп, ақша алып жүргендігі туралы көрсетілген.

Ақпарат алысымен облыстың тәжірибелі полицейлері, аудандық тәртіп сақшыларынан арнайы топ құрылды.

Барлық қажетті жедел іс-шаралары жүргізілді, жеткілікті ақпараттар жинақталды.

Соның нәтижесінде Келес ауданының 2 тұрғыны Өзбекстан азаматын шекарадан өткізбек болған жерінен ұсталды.

Полицейлер заңсыз әрекет жасаған азаматтарды тінту барысында оның қалтасынан айғақты зат ретінде қағаз ақшалар тәркілеп алды.

Одан бөлек тергеу аясында 2 күдікті тұрғын осы қызметтері үшін шетелдік азаматтан 20 мың теңге ақша алғаны анықталды.

Осыған орай тәртіп сақшылары заңды белшесінен басып, пайда тауып жүрген 2 күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеп тексеру амалдары жүргізілуде.

Оның екеуі де шекара аймағында тұратын жергілікті тұрғындар болып шықты.

Аталған 2 жас күдіктіге қатысты ҚР ҚК 394-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.

Ал, шекарадан заңсыз өткен ӨР азаматтарының іс-әрекеті ҚР ҚК 392-бабы бойынша тіркелді.

Бұл заңсыз әрекетке байланысты полиция қызметкерлері күдіктілердің ұйымдасқан түрде қылмыс жасағанын сеніммен айта алады.

Заң бұзушылар әрқайсысы тиесілі өзіне жүктелген міндеттерді орындаған.

Біреуі шекарадан заңсыз өткісі келетін адамдарды тапса, келесісі табылған адамды шекарадан жасырын өткізіп отырған.

Бүгінгі таңда 2 күдікті қолхатпен босатылған.


Соңғы жаңалықтар