Сарыағашта ағайынды ұрылар 11 мың доллар салынған сейфті ұрлап кеткен

None
None
САРЫАҒАШ. ҚазАқпарат - Түркістан облысына қарасты Сарыағаш ауданында ағайынды екі жігіт тұрғын үйлердің біріне ұрлыққа түсіп, 11мың АҚШ доллары салынған сейфті ұрлап, оған қоса жәбірленушінің үйіндегі жатын бөлмесінен түрлі алтын бұйымдарын да қолды еткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, полицияға арызданған жәбірленушіге жалпы сомасы 10 млн теңгеден астам шығын келген. Аталған қылмысты ашпақ болған жедел уәкілдер жақын маңдағы аумақтарды аралап, куәгерлерден сұрастырған. Сонымен қатар, бейнебақылау камераларын тексеріп шыққан. Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде күдікті ретінде ағайынды екі жігіт ұсталған. Оның біреуі бұрын сотты болғаны анықталды. Тергеу барысында белгілі болғандай, ағайынды екеу қылмысты өзара ақылдасып жасаған. Олар алдын ала жәбірленушінің үйін бақылап, адамдардың жоқтығына көз жеткізген соң терезені бұзып, ішіне кіреді. Жатын бөлмедегі сейфті ұрлап, оқиға орнынан бой тасалаған. Қолды еткен заттарды ауыл сыртына барып ашып, ішіндегі түрлі алтын бұйымдар мен ақшаны қалталарына басқан. Ал, сейфті сол жерге лақтырып кеткен. Осылайша алтындарды үйлеріне жасырып, ақшаны жаратып жіберген.

Қос күдікті қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізілуде.


Соңғы жаңалықтар