Сарыағашта адам қағып өлтіріп, оқиға орнынан қашып кеткен күдікті ұсталды

None
None
САРЫАҒАШ. ҚазАқпарат - Түркістан облысының полицейлері жол-көлік оқиғасын жасап, тез арада ізін суытқан қылмыскерді құрықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ағымдағы жылдың 11 сәуір күні сағат 09:20 шамасында Сарыағаш АПБ-нің 102 қызметіне Сарыағаш орталық ауруханасынан хабар келіп түсті. Онда жол-көлік оқиғасы салдарынан жергілікті тұрғын қайтыс болғаны жөнінде айтылған.

«Аталған хабарлама бойынша аудандық полиция бөлімінің жедел тергеу тобы оқиға орнына барды. Тексеру барысында 11 сәуір күні сағат 08:25 шамасында Сарыағаш ауданы, Жібек жолы ауылының шығыс беткейі арқылы өтетін «Жібек жолы-Дербісек» тас жолының бойында белгісіз жүргізуші автокөлікпен жаяу жүргіншіні қағып кеткені белгілі болды. Күдікті жол апатынан кейін оқиға орнынан кетіп қалған. Орын алған жол-көлік оқиғасының салдарынан жаяу жүргінші ауруханаға жеткізіледі, бірақ ауыр жарақатынан сол жерде көз жұмады» делінген хабарламада.

Адам өліміне әкеліп соққан оқиға ҚР ҚК-нің 345 «Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» және 347 «Жол-көлiк оқиғасы болған жерден кетіп қалу» баптары бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелген. Қаза тапқан жаяу жүргінші мәйітіне қатысты сот-медициналық сараптама тағайындалды.

Шұғыл іздестіру нәтижесінде Сарыағаш АПБ қызметкерлері күдікті жергілікті тұрғынды ұстап, ол қамауға алынды. Қазіргі таңда тергеп-тексеру шаралары жүргізілуде.

Соңғы жаңалықтар