Сарыағашта 22 жастағы жігіт адам қағып, қашып кетті

None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Сарыағашта 22 жастағы жігіт адам қағып, қашып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлеуметтік желіде жүргізушілер арасында туындаған кикілжіңнің видеосы тарады. Жол үстінде кілт тоқтаған «Жигули» көлігінің жүргізушісі артынан келе жатқан көлік иесіне күш көрсетпек болған. Сол сәтте «Mercedes-Benz» көлігінің жүргізушісі алдындағы адамды қатты жылдамдықпен қағып, оқиға орнынан қашып кеткендігін видеодан анық көруге болады.

Тәртіп сақшылары оқиғаның Сарыағаш ауданында болғандығын анықтады. Жедел іс-шаралар барысында күдікті қолға түсті. Тексеру кезінде оның жүргізуші куәлігі жоқ 22 жастағы жас жігіт екендігі белгілі болды.

«Аталған жайт бойынша жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 610-бабы 2-бөлігі, 612-бабының 2-бөлігімен екі бірдей хаттама толтырылды. Ал көлік айыптұраққа қойылды. Сонымен қатар, 2 қазанда іс процессуалдық шешім қабылдау үшін Анықтау бөлімшесіне өткізіліп, ҚР ҚК-нің 345-бабы 2-бөлігімен (Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) тіркелді. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізіле бастады. Бүгінде жол апаты салдарынан жарақат алған жәбірленушіге қатысты сот-медициналық сараптамалар тағайындалды. Қазіргі таңда жәбірленуші ауруханада ем қабылдап жатыр», - делінген Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.


Соңғы жаңалықтар