Сарыағаш мектептерінде парасат туралы тәрбие сағаты өтті

None
None
САРЫАҒАШ. ҚазАқпарат – Түркістан облысы Сарыағаш ауданындағы мектептерде «Парасат» тақырыбындағы тәрбие сағаты өтті. Бірыңғай сабақ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Түркістан облысы бойынша департаментінің бастамасымен, республикалық «Адалдық сағаты» аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Парасат» тақырыбындағы дәрісте оқушыларға адалдық, әділдік, әдептілік, жауапкершілік, ар-намыс сияқты көптеген адами қасиеттер түсіндірілді. Осы құндылықтар қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың негізі екені айтылды. Бұл игі бастамада «Nur Otan» партиясы, «Атамекен» ҰКП, ардагерлер алқасы, жастар ұйымдарының аудандағы өкілдері, сондай-ақ, білім беру саласының үздіктері, Парасат елшілері, арнайы мониторингтік топ өкілдері, қоғам белсенділері шәкірттерге дәріс оқыды.

Адалдық сағатында лекторлар адам бойында қалыптасқан адалдық пен әділдік құндылықтарының қасиетін, тағылымға толы тарих беттеріндегі әділдікті ту еткен кемеңгерлердің туралығын жан-жақты айтып өтті.

Шара барысында оқушылар адалдықты, парасаттылықты қалай түсінетінін, оны қалыптастыру жөніндегі ойларын айтты. Сонымен қатар, оқушылар ойында жүрген сұрақтарын қойып пікір алмасты.

Айта кетейік, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда өскелең ұрпақпен жұмыс қағидатты маңызды рөл атқарады.

Соңғы жаңалықтар