Сарыағаш ауданында жаңадан 9 шипажай салынады

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев іс-сапармен Сарыағаш ауданында болып, Көктерек кентіндегі шипажайлардың жұмысымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аймақ басшысы шипажайлардың санын көбейтуде әуелі демалушыларға қажетті жағдай жасау керектігін атап өтті.

 «Сарыағаш өңірінде туризмді дамыту үшін ауданның әлеуеті жетеді. Мұнда төрткүл дүниеге белгілі шипалы суы бар, инфрақұрылым мәселесі шешілген. Әрине, шипажайлар санының артқандығы келушілердің көбейгендігін көрсетеді. Мәселен, бүгінгі таңда облыс бойынша 190 қонақ үй, 44 шипажай, 61 демалыс аймағы, 19 балаларды сауықтыру лагері және 104 туристік ұйым бар. Бастысы, аталған орындарда келушілерге жоғары қызмет көрсету сапасын назарда ұстау қажет», - деді Жансейіт Түймебаев.

Ауданның өндірістік қуаты мен туристік әлеуетін таныстырған аймақ басшысы Қайрат Әбдуәлиев бүгінде Қазақстаннан бөлек, көрші мемлекеттерден Сарыағаш өңірінің шипалы суын іздеп келетін туристер саны артып келе жатқандығын айтты.

null
«Ағымдағы  жылдың І тоқсанында Сарыағаш ауданына келушілер саны 34 мыңнан астам адамды құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 21,1 пайызға артып отыр.  Қазіргі таңда Сарыағаш ауданында 20 қонақ үй, 12 мәдени-тарихи нысан, 1 балалар шипажайы мен лагері және 26 емдік-сауықтыру орталығы қызмет көрсетеді. Осы жылы жаңадан 2 шипажай ашылса, алдағы 5 жыл  аралығында тағы 9 шипажай салу жоспарланып отыр», - деді аудан әкімі.

Айта кетейік, ағымдағы жылы өңірде туризм саласында «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында жол картасы бекітілген болатын. Осы ретте облыстың 35 танымал туристік нысанында халықаралық стандартқа сәйкес цифрлық QR төлқұжаттар орнатылған. Осы төлқұжаттар арқылы келуші туристер нысан бойынша 6 тілде жылдам әрі ыңғайлы ақпарат алуға мүмкіндігі бар.

null

Соңғы жаңалықтар