Сарыағаш ауданында жаңадан 8 мәдениет үйі мен кітапхана ашылды

None
None
САРЫАҒАШ. ҚазАқпарат – Түркістан облысы, Сарыағаш ауданында соңғы үш жылдың ішінде жаңадан 8 мәдениет үйі мен кітапхана ашылды.

Соның арқасында шалғайдағы елді мекендерде руханият пен өнердің дамуына мүмкіндік туып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ауданда биыл жыл соңына дейін тағы алтауы ашылады. Жаңадан есігін айқара ашқан мәдениет ошақтарында бірнеше үйірме мен әжелер клубы тұрақты жұмыс істейді. Сондай-ақ тағы бір жаңашылдық, кітапхана жанынан білім орталықтары ашылуда. Мұндай интелектуалды алаңдар ауыл тұрғындары үшін зияткерлік демалыс орындарына айналды. Мектепте оқитын жасөспірімдер де ауылдардағы мәдениет үйлеріне барып кітапханаға жиі келетін болған. Өйткені білім орталығында қажетті ақпараттың барлығын кез келген форматта алуына мүмкіндік бар. Интелектуалды контент: яғни кітаптар, мерзімді басылымдар, аудио, бейне жазбаларды, ғаламторды еркін пайдаланады.

«Сабақтан өзімізге керекті мәліметтер, қосымшалар, ақпараттармен танысамыз. Түрлі кітаптар оқимыз. Тек қана кітап оқу емес, бір-бірімізбен пікір таластырамыз. Түрлі үйірмелер бар. Интернет тегін»,- дейді мектеп оқушыларының бірі Аяулым Әбдікәрім.

Ауыл тұрғындары бос уақытында енді білім орталығындағы акцияларға, шығармашылық кездесулерге, шеберлік кластары мен зияткерлік ойындарға да қатыса алады. Олардың шахмат, тоғызқұмалақ ойнауына да жағдай жасалған. Ауыл балалары шетінен өнерді де үйреніп жатыр.

Сарыағаш ауданында қазір 11 мәдениет үйі мен 10 елді мекенде клуб жұмыс істейді. Мұнда домбыра, би, көркемсөз оқу және вокал үйірмелері ашылған. Жұртқа рухани азық беретін өнер ордаларының саны келешекте мұнан да артқалы отыр. Сала мамандары келер жылы ауданда тағы 8 мәдениет үйі салынатынын айтады. Олардың сәулеттік жобалау құжаттары әзірленіп, қазынадан қаржы бөлуге ұсынылған.

Соңғы жаңалықтар