Сарыағаш ауданында Қазақстан халқы тілдері күні мерекесі аталып өтті

None
None
САРЫАҒАШ. ҚазАқпарат – Түркістан облысы, Сарыағаш ауданында Қазақстан халқы тілдері күні мерекесіне арналған салтанатты шара өтті.

Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастырған шарасына аудан әкімінің орынбасары М. Сейтімбетов пен аудандық сот төрағасы Т.Машрапов, этномәдени орталық төрағалары мен мәдени орталықтардың өнерпаздары қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған жиында тақырыпқа сай даярланған бейнеролик көрсетіліп, театрландырылған көрініс қойылды. Аудан әкімінің орынбасары М.Сейтімбетов көпшілік алдында құттықтау сөз сөйлеп, жұртшылықты ынтымақ бірлікке шақырды.

«Бұл мерекенің аудан халқы үшін маңызы зор. Ауданымызда мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруда елеулі жұмыстар атқарылуда. Соның бір дәлелі – мемлекеттік тілді жетік меңгеріп, одан өзге үш тілді қатар меңгергендердің де саны артқан. Ең бастысы, түрлі этнос өкілдерінің ана тілдері мен мемлекеттік тілді меңгеруіне жағдай жасалған», – деді аудан әкімінің орынбасары.

Тіл құндылықтары мен оның маңызы жайлы сөз сөйлеген аудан басшысының орынбасары бірқатар азаматтарды алғыс хаттармен марапаттады. Сонымен қатар, аудандық мәслихат хатшысы Бақытжан Садықовтың алғыс хаты түрлі сала мамандарына табысталды.

Мерекелік шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

Соңғы жаңалықтар