Сарыағаш ауданында әкенің қоғамдағы рөлі талқыланды

None
None
САРЫАҒАШ. ҚазАқпарат – Түркістан облысы Сарыағаш ауданында әкенің қоғамдағы рөлі талқыланды. Аудандық сот пен аудан әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссия ұйымдастырған басқосуда «Отбасылық сот» пилоттық жобасы аясында түсірілген бейнефильм көрсетілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кездесуге аудан әкімінің орынбасары М.Сейтімбетов пен аудандық соттың төрағасы Т.Машрапов, ауданның бас имамы Т.Төлебеков пен білім бөлімі жанындағы қамқоршылық кеңесінің төрағасы А.Белқожа, прокуратура және полиция қызметкерлері, жергілікті тұрғындар қатысты. Басқосуда сот төрағасы «Қоғамдағы әкенің рөлі» тақырыбында баяндама жасап, әкенің отбасындағы орны ерекше екенін атап өтті.

«Отбасының ынтымағы үшін отағасының әділ, ұстамды болуы аса маңызды. «Әке - асқар тау, ана - баурайындағы бұлақ, бала - жағасындағы құрақ» деп бекер айтылмаса керек. Себебі, әке - отбасының тірегі»,- деді Т.Машрапов.

Сот төрағасы сонымен қатар әр мекемеде 2020 жылдың наурыз айына дейін отбасылық байқау өткізіп, сол байқау жеңімпаздарының арасында «Бақытты отбасы» қорытынды конкурсын өткізуді ұсынды. Бұл ұсыныс аудандағы әкелер тарапынан бірауыздан қолдау тапты. Осыған орай кездесуде Сарыағаш ауданының бас имамы Т.Төлебеков шариғатта әкенің рөлі қандай екенін, әкенің отбасындағы маңызын түсіндіріп өтті.

Іс шара соңында аудан әкімінің орынбасары М.Сейтімбетов жиынды қорытындылап, әкенің мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы бала үшін үлгі-өнеге екенін, соған қарап өсетін нысанасы екенін атап өтті.

Соңғы жаңалықтар