«Сары» және «қызыл» статусы бар астаналықтардың Бурабайға демалуға келгені анықталды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Бурабай кентіндегі «Достар» дәмханасында «сары» және «қызыл» статусы бар келушілер анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, өткен тәулікте ASHYQ жобасының көмегімен Бурабай кентінің «Достар» дәмханасында «сары» статусы бар (коронавирус жұқтырған адаммен байланыста болған адам) және «қызыл» статусы бар (COVID-19 науқас) келушілер анықталды.

«Келушілер Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары, олар үй карантинінде болуы керек еді. Ақмола облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің қызметкерлері үй карантинін бұзушылармен карантиндік режимді сақтау туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді және тұрғылықты мекенжайы бойынша Нұр-Сұлтан қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне шаралар қабылдау үшін ақпарат жіберді», - деді ведомстводан.

Департамент мамандары атап өткендей, өткен тәулікте Ақмола облысында коронавирустық инфекцияның 130 жағдайы анықталды. Олардың басым бөлігі-109 адам симптоматикалық. Күнделікті өсім 0,6 пайызға тең. Ауру жағдайлары Бурабай ауданында (31), Көкшетау қаласында (28), Бұланды (19), Аршалы (11), Сандықтау (7), Шортанды және Жақсы (6 жағдайдан), Атбасар (5), Ақкөл (4), Целиноград, Зеренді аудандарында және Степногорск қаласында (3 жағдайдан), Астрахан (2), Есіл және Жарқайың аудандарында (1 жағдайдан) тіркелді. Соңғы аптада өңірде коронавирус жұқтырудың 938, алдыңғы аптада 953 жағдайы тіркелген. Яғни, 1,02 есе төмендеу байқалады (15 жағдайға аз).


Соңғы жаңалықтар