Саршұнақ аязда қалың қарды белуардан кешіп жорыққа аттандық – соғыс ардагері

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Қазақстаннан сұрапыл соғыста елім деп майдан шебіне аттанған ержүрек батырларымыз қаншама. Бірақ, өкінішке қарай, кескілескен ұрыста аянбай шайқасқан кейбір майдангерлердің есімі ұмытылып барады…

Солардың бірі – семейлік Балтабек Жетпісбаев. 1941 жылы Алматыда құрылған 316-шы атқыштар дивизиясындағы 1075-ші полктің комсоргі болып тағайындалған ол Мәскеу түбіндегі шайқаста неше мәрте ерліктің үлгісін көрсеткен. 1967 жылы Бауыржан Момышұлы, Мәлік Ғабдуллин бастаған бір топ азаматтар Балтабекке Батыр атағының берілуін сұрап Мәскеуге хат жазады. Алайда қанды майданда талай фашистің көзін жойған майдангерге Кеңес Одағының Батыры атағы сол күйі берілмей қалған.

Бала арманы орындалды.

Балтабек Жетпісбаев 1907 жылы Семей облысының Мұрат ауылында дүниеге келген. Он үш жасында әке-шешесінен айырылып, жетім қалған ол жастайынан зерек, пысық-ширақ болып өсті. 1922 жылы ауылға келген бір топ уәкіл 35 жасөспірімді комсомол қатарына қабылдайды. Белсенділігімен ерекше көзге түскен Балтабек комсомол ұйымының хатшысы болып сайланды. Жауынгер әскери қызметке ұмтылуының себебін өзінің «Жорық жолдары» естелік кітабында былай деп түсіндіреді:

«Біздің ауылға әскери киім киген, жас шамасы жиырманың ішіндегі аққұба өңді, ұзын бойлы адам жиі келіп жүретін. Ол осы ауылда туып-өскен, сол кезде әскер қатарында қызмет ететін Ахмет Исаев еді. Оның үстіндегі жаңа сұр шинелі, жылтырап тұрған етігі, өкшесіндегі сылдыраған шпоры, мойнына асынған қылышы жастарға ерекше әсер берді. Комсомолшылар қатарында жүріп мылтық, наган және басқа қару-жарақтың түр-түрімен танысып, қылыш ұстауды үйрендік. 25 қадам жердегі нысананы наганмен көздеп, талай рет атқаным әлі есімде. Бұл бала кезіміздегі ерекше құмартқан, құлшына ізденген ісіміз болды».

Қайтпас қайсар мінезді Балтабек діттеген мақсатына жетті. 1931 жылы Кеңес Армиясы қатарына шақырылып, 1937 жылға дейін қазақ кавалериялық полкінде қатардағы жауынгер, кіші командир болып қызмет етеді. Ташкенттегі әскери училищеде білім алған ол, 1941 жылдың шілде айында Алматыда құрылған 316-шы атқыштар дивизиясындағы (кейіннен 8-ші гвардиялық атқыштар дивизиясы деп аталады) 1075-ші атқыштар полкінің комсоргі болып тағайындалады.

Шегінерге жол жоқ!

1941 жылдың қазан айы. Бұл Москва түбіне таяп келген жауға қарсы кескілескен шайқастың алғашқы айлары еді. Гитлерлік фашистер 16 қазан күні Волокаламскіні алып, сол күні кешке Москвадан кешкі ас ішпек болған. Алайда Отан үшін отқа түсуге даяр ержүрек батырларымыз жаудан еш қаймықпай қарсы тұрды. Қатарында Балтабек Жетпісбаев бар 1075-ші атқыштар полкінің жауынгерлері басқыншыларды Волокаламскіге өткізбеу үшін аянбай ұрысқан.

«Уақыт күндізгі сағат 11-лер шамасы. Біз окоптың бір шетінен екінші шетіне қарай жылжып келеміз. Екі жақтан да үздіксіз атылған оқ пен жарылған снаряд, миналардың дауысы толастар емес. Қайта үсті-үстіне үдей түскендей. Жау өзінің бақайшығына дейін қаруланған әскерін, қару-жарақтың небір түрін бізге қарсы қойып, қайтсе де қоршауды бұзып өтіп, Волокаламскіні басып алуға жанталасуда. Олардың танкілері мен жаяу әскерлері дүркін-дүркін шабуылға шығып, тыныштық бермейді. Окоп ішінде рота командирінің «Граната әкеліңдер!» деген бұйрығы жиі естіледі», - деп жазады Балтабек 1968 жылы жарық көрген кітабында.

Сол күні батыл қимылдап, аянбай шайқасқан жауынгерлеріміз дұшпан әскерлерін бір адым да ілгері бастырмай қояды. Фашистермен атыста, қоян-қолтық жекпе-жек ұрыста еш беріспеген сарбаздар жау әскерлерін едәуір шығынға батырған. Жазық далада танкілердің сынығы, оқ тиген жауынгерлердің өлігі жайрап жатты… Алайда КСРО шекарасына жалпы саны 190 дивизия (оның 153 дивизиясы Германиядан), 5,5 млн адам, 47 мың зеңбірек, 4300 танк және 5 мың әскери ұшақ шоғырландырған гитлершілдер оңайшылықпен берілер емес.

«Крюково станциясы үшін болған жойқын ұрыстар күні бүгінге дейін естен кетпейді. 1941 жылғы желтоқсанның 2-нен 6-на дейінгі кезеңде бұл станция әлденеше рет қолдан қолға ауысты. Осы сәтте неміс фашистері Москваға жақындап, небәрі 40 шақырымдай қашықтықта тұрған. Бұл Екінші дүниежүзілік соғыс тарихындағы ең ауыр кезең еді. Неміс-фашист басқыншылары КСРО-ның бас қаласын алу үшін бүкіл қолда бар әскер күшін, қару жарағын аямай төкті», - дейді Балтабек Жетпісбаев.

Адам қаны судай аққан бұл шайқаста мыңдаған әскерлеріміз ерлікпен қаза тапты. Крюково қаласының батыс жағында ұрысқа кірерде Балтабекке оқ тиіп, жараланады. Екі жауынгер оны ұрыс даласынан алып шығып, медсанбатқа жеткізген. Бұл кейіпкеріміздің майдан шебінде алғаш рет жарақат алуы еді. Көп ұзамай емделіп шыққан семейлік қайтадан қолына қару алып соғысқа аттанған. Міне осындай ерлеріміздің жанқиярлық ерліктерінің арқасында Гитлердің 8-10 апта ішінде Кеңес Одағын басып алмақ болған ойы іске аспай қалды.

Рух сыйлаған хат

Неміс-фашист әскерлері Москва түбінде талқандалғаннан кейін 1075-ші атқыштар полкі тың күшпен толығып, жарақтанып, жаңа ұрыстарға әзірлену үшін аз-кем тыныс алды. Көп ұзамай олардың қатарына арнайы дайындықтан өткен жас жауынгерлер легі қосылған.

«Майданға қайта кірер тұста Қазақстаннан арнайы делегация келді. Олар республика еңбекшілерінің майдандағы жерлестеріне жолдаған хатын табыстады бізге. Сол хатта былай деп жазылған еді: «Қымбатты жауынгерлер! Алаулаған өрттей ұрыс майданына кірген сайын, туған елді еске алыңдар! Республиканың мөлдірдей көк аспанын, Қарқаралы мен Сарыарқаның кең жазирасын, Ертіс пен Еділдің мөлдір суын, Алтайдың жанға сая жазғы жайлауын, Алматының гүл бақтарын еске алыңдар. Өз жанұяларыңды, ата-бабаларыңның абыройын мезгілсіз, жазықсыз құрбан боп жатқан бейкүнә жандарды, жау етігімен тапталып, отқа оранған қалалар мен ауылдарды еске алыңдар! Еске алыңдар да есірген жауды аямай талқандап, қиратыңдар!» Хаттың соңында олар бұрынғыдан да қажырлы еңбек етіп, майданды не қажеттің бәрімен қамтамасыз етуге уәде берген. Бұл хат дивизияның барлық бөлімшелерінде оқылды. Жігеріміз тасып, бойымызға күш біткендей қанаттанып, еліміздің абыройына дақ түсірмеуге, неміс-фашист басқыншыларына аямай соққы беруге ант берістік», - дейді автор.

Көп ұзамай Панфилов атындағы 8-ші гвардиялық дивизиясы майдан шебін бұзып өтіп, жау армиясының үлкен бір тобын бөліп тастау, сөйтіп қандыбалақ жаудың ту сыртынан тұтқиылдан соққы беру жөнінде бұйрық алады. Жауынгерлер қырық градус саршұнақ аязда қалың қарды белуардан кешіп жорыққа аттанды.

«Біздің полк қалың орман ішіне аялдады. Жауынгерлер күндіз ағаш бұтағын кесіп, күрке жасап, тамақ пісірді. Түн қарая аяз қатая түсті. Бірақ от жағуға болмайды, жау ұшақтары қайта-қайта ұшып шығып, үстімізден барлауда. Әлден уақытта полк командирінің байланысшысы келіп «сізді бақылау пункіне шақырып жатыр» деді. Тар кепенің ішінде батальон командирі мен штаб офицерлері отыр екен. Сол жерде алдағы шабуылдың бүге-шүгесі талқыланды. Кеңестен соң полк командирі мені және барлаушылар взводының командирін алып қалып, «Сендерге жүктелетін тапсырма мынау. Түнгі сағат 12-де барлаушылар взводы жау тылына өтеді. Аяққа шаңғы байлап, үстеріңе ақ халат киіңдер. Ново-Свинухово селосына бекінген жауға сағат 4-те желке тұсынан соққы беріңдер» деді. Сөйтіп, қоштасар алдында сағаттарымызды салыстырып, туралап алдық», – деп жазады Балтабек Жетпісбаев.

Солтүстіктен соққан желдің ызғары қатты. Боранның екпіні де сәт сайын күшейіп келе жатқандай. Десе де ұстанымы болаттай берік Балтабек шаңғымен тек алға қарай жылжып келеді. Майдан шебінен сездірмей өткен взвод түнгі сағат үшке қарай полк командирі нұсқаған жерге де жетті. Сағат тілі 4-ке жеткенде жауынгерлер дұшпанға тұтқиылдан оқ жаудырды. Қорғасын құсып, от шашқан пулеметтің құдіреті жауды бас көтертпей тастаған. Осыны пайдаланған взвод әскерлері селоға кіріп келеді. Көше-көшеде қоян-қолтық ұрыс басталды. Жүзі қатуланып, көзінен айбат шашқан Балтабек Жетпісбаев талай немістің жанын жаһаннамға аттандырып жібереді.

«Бас-аяғы бір сағаттың ішінде селоны жаудан толық тазарттық. Жау гарнизоны талқандалып, дұшпанның 28 сарбазы тұтқынға алынды. 15 шақты автокөлік, азық-түлік, оқ-дәрі қоймалары қолға түсті. Әдетте шайқас болған елді мекенде бейбіт тіршіліктің тынысын бірінші болып білдіретін балалар. Бұл жолы да нақ солай болды. Таң ата біз бекінген үйдің қамбасынан жас баланың бұйра шашы жылтың ете қалды. Ол жауынгерлердің құлақшынындағы жұлдызды көре салып «біздің адамдар келді!» деп айқай салды да, қамбадан атып шықты. Оның соңынан қорыққан, жылай-жылай көздері ісіп кеткен он шақты бала көрінді. Бәрінің де үсті-бастары алба-жұлба. Іштерінде тіпті кішкентай бөбектер де бар. Олар бізді жатырқамай, топырлап қасымызға келді. Нақ бір көрген қорлығы мен шеккен азабын туған әкесіне шаққандай, балақайлар мойнымыздан құшақтап, кеудемізге бастарын төседі. Осындай бейкүнә балдырғандардың гүлдей балғын өміріне қанды шеңгелін салып, қаншама ананы қасіретке ұшыратқан зұлым жауға деген өшпенділіктің оты өзегімізді өртеді», - деп еске алады ол.

Елестеген фашистер

1942 жылы Балтабек Жетпісбаев Бауыржан Момышұлының тікелей бұйрығымен жау тылына өтіп барлау жүргізеді де, түнгі уақытта Подцепочье селосына взводты бастап барып, желке тұсынан соққы жасайды. Көп кешікпей селоны жаудан тазартып, полк командиріне рапорт жібереді.

«Жау әскерін өкшелете қуған соң, таяудағы бір үйге кірдім. Үйде ешкім жоқ, бірақ пеші жағулы тұр екен. Автоматты ұстаған күйі, орындыққа жайғастым. Бел шешіп, жылы үй көрмегелі бір ай болған. Маужырап барамын. Ұйқылы-ояу кездің өзінде де көз алдыңда фашист тұрғандай елестейді. Түн қараңғы, бірақ терезеден өртенген үйлердің бықсыған шаласы көрінеді. Кенет екі адамның мүсіні жарыққа шағылып көзіме көріне қалды. «Жау келіп қалды-ау» деген жаман ой көкейіме сап ете түсті. Оларға қарай автоматтан оқты төгіп-төгіп жібергенімді өзім де сезбей қалыппын. «Доғар бұныңды. Өзіміз!» деген дауыс саңқ етті де үйге Бауыржан Момышұлы кіріп келді. Орнымнан атып тұрып, болған оқиғаны баяндап бердім. «Өзім де көрдім» деді Бауыржан. Сол кезде ішімнен «ұрыстың барысы сарапқа түскенде менің әкемді танытатын болды-ау» деп ойладым. Бірақ Баукең менің өзін атып тастай жаздағаным жөнінде ол күні де, одан кейін де ләм деген жоқ. Тек көп жыл өткен соң Алматыда, өзінің 50 жасқа толған мерейтой дастарқаны үстінде соғыс жылдарын еске алып «Мына Балтабек бір кезде мені атып тастай жаздаған» деп қонақтарды күлдірді», - дейді Балтабек.

Неміс әскері басып алған жерлерді азат етуге атсалысқан семейлік жауынгер фашистік Германияны талқандағаннан кейін де қаруын тастамады, 1945 жылдың маусым айында Қытайды азат ету үшін Жапония армиясымен соғысуға кетеді. Манчжурияға кіріп, жау әскерін ойсырата ұтқан соң, бес күн бойы 350 шақырым жер жаяу жүріп, Мукден-Чунчунь бағытындағы шабуылға қатысады. Тек 1947 жылы Балтабек Жетпісбаев аман-есен елге оралады.

Батыр бабамыз соғыстағы ерлігі үшін Қызыл Жұлдыз, III дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, бірнеше медальмен марапатталған. 1942 жылғы 23 шілдеде Панфилов атындағы 8-ші гвардиялық дивизияның командованиесі Балтабек Жетпісбаевты Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынады. Өкінішке қарай, белгісіз себептермен аласапыран соғыс кезінде бұл ұсыныс тиісті жеріне жетпей қалады.

1967 жылы Бауыржан Момышұлы, Мәлік Ғабдуллин бастаған бір топ майдангерлер Балтабекке Батыр атағының берілуін сұрап Мәскеуге хат жазады. Бірақ КСРО басшылығы өтінішті қанағаттандырмайды. Осылайша, фашистің қаққанда қанын, сыққанда сөлін алған, ел дегенде селт етпей жанын қиярға әркез даяр болған Балтабектей хас батырдың ерлігі кезінде бағаланбай қалды.


Соңғы жаңалықтар