Сарқанда мәйіті қоқыстан табылған қызды өлтірген анасы мен нағашы ағасы 15 жылға сотталды

None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Жетісу облысының Сарқан ауданында қоқыстан басы бір бөлек, денесі бір бөлек күйінде табылған 5 жастағы қызды өлтірген анасы мен нағашы ағасы сотталды. Бүгін оларға сот үкімі шығып, әрқайсысы 15 жылға темір торға қамалды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Естеріңізге сала кетейік, осыдан 7 ай бұрын Сарқан қаласының шетіндегі қоқыстан 5 жастағы қыздың мүрдесі табылған болатын. Аружан есімді қыздың мәйіті қоқыста 3 ай бойы жатқаны белгілі болды. Құр қаңқасы ғана қалған баланың мәйітін далада ойнап жүрген балалар тауып алған.

Анықталғандай, қызды туған анасы мен нағашы ағасы қылқындырып өлтіріп, қоқысқа тастап кеткен. Ал өлтірілген баланы анасы 14 жасында босаныпты. Оны сол кезде ағасы зорлап, жүкті болып қалған.

Қазір 20 жастағы анасы үшінші баласына аяғы ауыр. Енді ол бұл сәбиін темір торда дүниеге әкеледі. Айта кетейік, сотталып жатқан Ақниет пен Ақтілек туған ағайынды. Олардың ата-анасы қайтыс болып кеткен.

«Жас баланы өлтіру фактісі бойынша нағашы ағасы мен шешесіне қатысты сот үкімі жарияланып, оларға 15 жылдан басбостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Толығырақ айтып кететін болсақ, баланың нағашы ағасы мен шешесі алдын ала сөз байласу арқылы жас баланы өлтіріп, денесін қоқыс алаңына қалтырып кеткен. Сот отырысында олар өз кінәларын мойындады», - деді Жетісу облыстық сотының ресми өкілі Нұрсұлтан Орынбасаров.


Соңғы жаңалықтар