Сарбазды граната жарылысынан құтқарған полковник марапатталады - Президент

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында жас сарбазды граната жарылысынан құтқарып қалған ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің полковнигі орденмен марапатталады. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-де жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«ҰҚК Шекара қызметінің полковнигі С.Смицких ерлік жасады. Ол Алматыдағы оқу-жаттығу кезінде жас жауынгерді граната жарылысынан құтқарып, өзі жарақат алып қалды. Орденмен марапатталатын болады», - деді Мемлекет басшысы.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, төтенше оқиға, кеше 19 маусым күні Алматы облысында орналасқан 2027 әскери бөлімінде болды.

Сарбаздар «Ұрыстық қол гранатасын окоптан, бір орыннан лақтыру» тақырыбы бойынша оқу-жаттығу өткізіп жатқан. Жас жауынгерлердің бірі сасқалақтап, шығыршығын суырып қойған қолындағы гранатасын аяғының астына түсіріп алған. Осыны байқап үлгерген сабақ жетекшісі, 2027 әскери бөлімі командирінің тәрбие жөніндегі орынбасары, полковник Сергей Смицких көз ілеспес жылдамдықпен окоп түбіндегі гранатаны іліп алып, қауіпсіз жерге лақтырып жіберген. Ал өзі сарбазды жерге құлатып, бүкіл денесімен оны жаба, үстіне құлаған.

Жарылған гранатаның жарықшақтары окопқа дейін жетіп, полковниктің екі аяғы мен екі қолы, сарбаздың қос аяғы мен сол жақ жауырыны жарақаттанды.

Әскери дәрігер алғашқы көмек көрсеткеннен кейін, жараланған полковник пен сарбаз Іле ауданы Өтеген Батыр кентінің орталық аудандық ауруханасына жеткізілді. Олар одан әрі қарай Алматы қаласындағы ҰҚК орталық әскери госпиталіне жөнелтілді. Қазіргі уақытта екеуінің де жағдайы бірқалыпты.

Соңғы жаңалықтар