Сарбаздарға тәуелсіз көзқараспен қарауымыз керек - Бақытбек Смағұл

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл «Ардагерлер туралы» Заңының маңыздылығына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы «Ардагерлер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойған болатын.

«Жеңістің 75 жылдығына орай және сол уақытта өмірін қажырлы еңбекке арнап, ауыр станоктарда тұрған, егін орған, яғни жастық шағын майданға баратын азық-түлікті қамтамасыз етуге арнаған соғыс балаларының әлеуметтік мәселелері ескерілген. Ауыр кезеңде олар екі-үш ауысымда жанқиярлық жұмыс істеген. Сонымен қатар, тәжік-ауған учаскесінде ТМД-ның сыртқы шекараларының сыртқы қорғанысын күшейтуге қатысқан, 1968 жылы Чехословакиядағы жанжалды реттеуге, Таулы Қарабахтағы этносаралық жанжалды шешуге, Ирактағы бітімгершілік операцияларына қатысқан ұлттық контингенке кіретін азаматтарымыз ескеріліп отыр. Мемлекет пен мемлекет арасындағы соғысқа қарағанда, азаматтық соғыс өте қауіптілеу. Себебі, әкесі баласына, баласы әкесіне қару көтереді, сондай-ақ билік қолдан-қолға өтеді. Әркім өзінің жеке басының мүддесін ойлайды. Сондай кездерде біздің Қазақстан Қарулы Күштері келісімшартпен тәжік-ауған шекарасында болды. Тәуелсіз ел ретінде біздің мемлекетіміз солардың қазір әлеуметтік мәселесін қарауда», - деді Бақытбек Смағұл.

Осы орайда ол Президент қол қойған«Ардагерлер туралы» Заңының маңыздылығын атап өтті.

«Әскер сапынан көптеген азаматтар бас тартуда. Қарулы Күштерге кім қамқор болуға тиісті? Әскери адамдар елдің үлкен жауапкершілігін көтеріп жүр. Шен үшін емес, ел үшін, марапат үшін емес, парасат үшін қызмет еткен азаматтарымызға бірінші кезекте мемлекет қорған болуы керек», - деді депутат.

Сонымен қатар Б. Смағұл Ауған соғысы ардагерлерінің мүдделеріне қатысты көп мәрте сауал көтергенін еске салды.

«Алдымызда еліміздің мақсаты жолында үлкен міндеттер тұр. Бұл тұрғыда Қарулы Күштеріне де жүктеліп отырған жауапкершілік мол. Біз шыңдалған армияны жасақтап келеміз, яғни армия сұрыпталып жатыр. Сондықтан атқарлып жатқан істер ұрпақ сабақтастығы тұрғысында жастарды тәрбиелеу үшін, Қарулы Күштердің болашағы үшін керек», - деді депутат.

Оның атап өтуінше, коронавирус індетімен күрес шаралары аясында әскери қызметшілердің еңбегі зор.

«Қазір олар блокпостарға тартылып, дезинфекция жасап жатыр. Әскерге қызуғышылықты, Отанға деген шынайы жанашырлық ояну үшін біз өз Тәуелсіз еліміздің сарбаздарына тәуелсіз көзқараспен қарауымыз керек. Атап айтқанда, көптен күткен заң деп ойлаймын. Енді халыққа қызмет ететін нормалар қамтылған», - деді Бақытбек Смағұл.

Мұнымен қоса ол осы бағытта заңнаманы жетілдіру жұмыстары жалғасын табатынын атап өтті.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 30 сәуір күні Парламент Сенатының жалпы отырысында «Ардагерлер туралы» Заңы қабылданды.

Заң жобасының негізгі мақсаты – ардагерлерді әлеуметтік қорғауға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейтін заңнамалық актілерді жүйелеу, қайта қарау және ардагерлердің жаңа санаттарын қалыптастыру.

Сонымен қатар, жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе Заң екі оқылымда қаралып, қабылданды.

Оны әзірлеу қажеттілігі бірқатар заңнамалық актілерді «Ардагерлер туралы» заң жобасына сәйкес келтірумен байланысты. Негізгі жаңа өзгерістер әлеуметтік төлемдерге қатысты болып отыр.


Соңғы жаңалықтар