Сарбаздарды ұрып-соққаны үшін сотталған әскери қызметші ақталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Жоғарғы сот екі іс бойынша шығарылған сот актілерінің күшін жойып, іс жүргізуді тоқтатты. Бұл жөнінде Жоғарғы соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлайды.

Ақталғандардың біріншісі - Жібек Тұрысбекованы сот мемлекеттік шекараны қорғау саласындағы заңды (ҚК 445-бабының 1-бөлігі) бұзғаны үшін кінәлі деп таныған. Ол Алматы әуежайында құжаттар мен адамдарды тексеру бойынша шекаралық жасаққа кіретін тұлға бола тұра салық берешегіне байланысты мемлекеттен шығуға тыйым салынған азамат О.-ның мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өтуіне жол берген.

Апелляция үкімді өзгеріссіз қалдырды.

Жоғарғы Соттың сот алқасы Ж. Тұрысбековаға қатысты сот актілерінің күшін жойып, оның іс-әрекетінде қылмыс құрамының болмауына байланысты іс жүргізуді тоқтатты.

Қылмыстық кодекстің 445-бабы бойынша қылмыстық жауаптылық мемлекеттік шекараны қорғау ережелерін бұзу мемлекет қауіпсіздігінің мүдделеріне елеулі зиян келтіруге әкеп соққан немесе әкеліп соғуы мүмкін болған кезде ғана туындайды. Іс бойынша мұндай негіздер және қандай да бір дәлелдемелер жоқ.

«О.-ның көлік салығы бойынша берешегі 562 716 теңгеге жеткен және соттың Қазақстан Республикасынан шықпау туралы санкциясы да бар. Дегенмен, соған қарамастан ол мемлекеттік шекараны кесіп өткен. О.-ның шекарадан заңсыз өту фактісі ол Қазақстанға оралғаннан кейін анықталған және қылмыстық іс салық қарызын толық өтегеннен кейін қозғалған. Осы факт Тұрысбекованың іс-әрекеті мемлекет қауіпсіздігіне айтарлықтай зиян келтірмегенін көрсетеді. О. барлық рәсімдерді сақтай отырып кедендік бақылаудан өткен, багажын өткізген, шекаралық бақылау кезінде жарамды ұлттық төлқұжатын ұсынған. Сондықтан соттың «Тұрысбекова О.-ның шекараны кедергісіз, заңсыз кесіп өтуіне жол берді» деген тұжырымы істің нақты мән-жайына сәйкес келмейді« дейді Жоғарғы соттың баспасөз қызметі.

Тұрысбековаға сенсек, ол О.-ның паспортын арнайы техникалық құралды пайдалана отырып тексерген. Құжат сканерлегеннен кейін оның БАЖ мониторында тексерілген адам туралы қате мәліметтер алғандықтан, ол қателесіп О.-ның мемлекеттік шекарадан өтуіне жол берген. Осы жауаптар қызметтік тергеп-тексеру материалдарымен сәйкес келеді. Онда бағдарламада О.-ның анкеталық деректерінің дұрыс көрсетілмеу фактісі расталған.

Жоғарғы сотта ақталған екінші сотталушы - Ж. Рсаев. Оған 2016 жылы ҚК 451-бабының 1-бөлігімен 1000 АЕК көлемінде айыппұл салынған. Ол әскери қызметте жүріп, лауазымды билігін асыра пайдаланып, мерзімді қызметтегі сарбаздарды соққыға жығып, балағаттап, олардың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделеріне нұқсан келтіргені үшін кінәлі деп танылған.

Апелляция үкімді өзгеріссіз қалдырды. Жоғарғы Сот оны ақтады. Өйткені, жергілікті соттар кейбір дәлелдерді назардан тыс қалдырып, оларға тиісті құқықтық баға бермеген. Ал айыптау үкіміне тек жәбірленушілердің бір-біріне қарама-қайшы келетін жауаптары негіз болған.

Тоғыз жәбірленушінің денелерін тексеру кезінде олардың жарақат алмағаны және олар өздерінің денсаулық жағдайлары жөнінде шағым келтірмегені анықталды. Сонымен қатар, қосымша сот-медициналық сараптаманың қорытындысы бойынша екі жәбірленушінің дене жарақатын алғаны расталмаған.

Жәбірленушілер бірінші сатыдағы сотта тергеуде берген жауабынан толықтай бас тартқан. Олар Рсаевтың әскери тәртіпті қатаң қадағалағандықтан аға лейтенант Н.-ның «ұрып-соғады деп жазып берсеңдер, оны басқа заставаға ауыстырып жібереміз, қылмыстық іс қозғалмайды» деген сөзіне сеніп, ауыстыру мақсатында оның үстінен арыз жазғандарын айтқан.

Жоғарғы сот аталған мән-жайды ескере отырып, кінәсіздік презумпциясы қағидаларына сәйкес, іс бойынша барлық күдіктерді сотталушының пайдасына қарастыра келе, оны ақтады.

Рсаев қылмыстық процесті жүргізген органның заңсыз әрекеттерінен келген зардапты өндіріп ала алады.

Соңғы жаңалықтар