Сараптама және мемлекеттік саясат - ҚСЗИ басшысымен сұхбат

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Биыл ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) құрылғанына 30 жыл толады. Көп жағдайда жұмысы жұртшылыққа байқала бермейтін сараптама орталығы осы жылдар ішінде елімізде саяси шешім қабылдау кезінде маңызды рөл атқаруын жалғастырып келеді. Ұйымның көптеген зерттеуі «қызметтік пайдалану үшін» белгісімен немесе мемлекеттің бірінші басшылары үшін «құпия» белгісімен жүргізіледі. Осы ретте ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берген ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов біраз құпияның бетін ашты.

- Еркін Валитханұлы, ең алдымен мұндай сараптама орталықтары ел дамуында қандай рөл атқаратынын айтып берсеңіз.

- Мемлекеттік саясатта сараптама, болжам, есептеулер жасамай елдің даму жоспарын құра алмайсыз, мүмкіндіктерді байқап, түсініксіз тәуекелдер мен қатерлерге назар аударып отыру қажет. Сараптамаға деген қажеттілік жылдан жылға артып келеді. Қазіргі уақытта тіпті CNN, Al Jazeera сынды ақпарат агенттіктерінің өздері сараптама орталықтарын құрып жатыр. Ал мемлекет жайында не айтуға болады? Егер сараптама орталықтары болмаса, онда барлық саладағы мемлекеттік саясатты басқару процесі айтарлықтай нашарлайды. Сараптама – бұл сауатты шешім қабылдау негізі. Бізге, яғни ҚСЗИ үшін ең бастысы – бұл Мемлекет басшысына, Президент Әкімшілігіне жедел, сонымен қатар стратегиялық сипаттағы сараптама дайындау. Сондықтан жұмысымыз үнемі жұртшылықтың назарына іліне бермейді. Бәрі «қызметтік пайдалану үшін», «құпия» белгісімен жүргізіледі. Бұл - өте сезімтал қызметтік ақпарат. Дегенмен, әлем елдерінде, оның ішінде демократиялық мемлекеттерде көптеген ақыл-ой орталықтары жұмыс істейді. Әлемдегі ең байырғы сараптама орталығы RAND корпорациясы өздерінің барлық сараптамалық әзірлемелерін жұртшылыққа береді деп ойламаймын.

- Жалпы оқырманға, қоғамға деректерді жариялау мүмкіндігін қарастырып көрдіңіздер ме?

- ҚСЗИ де қоғамның бір бөлігі екенін білесіздер және біз оның ырғағымен өмір сүріп жатырмыз. Жаңа әдістерге, ашықтыққа, сапалы жария сараптамаларға үлкен сұранысты да байқап отырмыз. Сондықтан мүмкіндігінше мол ақпарат, оның ішінде өте өзекті мәселелерге қатысты әлеуметтік сауалнама, сараптамаларды жариялауға тырысамыз. Бірақ, бізде жария сараптамалардың жетіспейтінімен келісемін, оны көріп те отырмыз әрі оған назар аударуға тырысамыз. Қазіргі уақытта сайтымызды дамытып, барлық әлеуметтік желіге тіркелдік. Көпшілік пайдалануға арналған контентті, оның ішінде әлеуметтік зерттеулерді дамытқымыз келеді. Өткен жылы бұл мәселеде біршама ілгеріледік. Сайтымызға бірегей кірушілер санының, оның ішінде шетелдік қолданушылардың айтарлықтай өскенін байқадық.

- 2023 жылы ҚСЗИ қызметінде қандай бағыт басымдыққа ие болады?

- ҚСЗИ – бұл еліміздің жетекші сараптама орталығы. Бұл шындығында бренд, тіпті халықаралық деңгейдегі бренд деуге болады. Бұл тек Қазақстанда ғана емес, сонымен бірге Орталық Азиядағы және бүкіл ТМД кеңістігіндегі жетекші сараптама орталығы десек артық айтқандық емес. Бұл жайт әлемдік рейтингтерде көрініс тапқан. Сондықтан осы мәртебені сапалы зерттеулер, мықты кадрлық құраммен, сараптамалармен ұстап тұру өте маңызды. Алайда, мұнан да ауқымды мақсаттарды алға қою қажет.

Былтыр жыл бойында өткен конференцияларда сөйлеген сөздерімде Қазақстанда сыртқы саясатты зерттеу саласында өте көп дүние жасау керектігіне қатысты жиі сын айтқан едім. 30 жылдың ішінде бізде Қытай, Орталық Азия, Ресейді зерттейтін мектептер қалыптасқан жоқ. Олар біздің көршілеріміз және де оларды білуіміз қажет. Оған қоса, АҚШ, Еуропа елдері, ислам әлемі бойынша да мектеп жоқ қой. Сондықтан биылғы басымдықтардың бірі – сөзден іске, тәжірибеге көшу. Біз институт құрылымын өзгертіп, сыртқы, ішкі саясатқа маманданған, экономикада барынша қолданбалы сипатқа ие, яғни жаһандық экономиканы зерделейтін орталық құрғымыз келеді. Біздің трансформация кезеңінде Қазақстанға пайдаға жарап қалатын қандайда бір оң тәжірибені үнемі іздейміз. Сонымен қатар әлемдік ахуал, оның ішінде милитаризациялаудың күшеюі және әлемнің түрлі аймақтарында шиеленістердің көбеюі қандай тәуекелдер мен тегеуріндерге әкеп соқтыруы мүмкін екенін талдаймыз.

Екіншісі – бұл ақпарат іздеу. Сарапшылар қашанда үлкен деректер базасымен жұмыс істейді. Кабинетте отырып, интернет кеңістігін шарлағаннан ешкім де жұрт санасатын жоғары деңгейдегі маман бола алмайды. Сондықтан Қазақстанды зерделеу қажет. Белгілі бір өңірдің тұрмыс-тіршілігі қандай, қандай проблемалар бар екенін түсініп, әлеуметтік зерттеулер жүргізуді жалғастыру, тұрғындармен тілдесу қажет. Мұның үстіне Президент орталықсыздандыру, өңірдегі проблемалар жергілікті жерде шешілуі тиіс деп жария еткен болатын. Өткен жылы біз мұндай зерттеулерді бастап кеттік. Дегенмен, биыл бірқатар облыс орталығында ҚСЗИ-дің бірнеше филиалының ашылуына бастама жасағым келеді. Бөлімшелер Солтүстік Қазақстан облысында, Ақтөбеде, Түркістанда не Шымкентте болғанын қалаймын. Бұл бірінші кезеңде, ал одан кейінгісін уақыт көрсетеді. Түптеп келгенде, барлық жерде филиал ашу қажет.

Тағы бір маңызды сәт – халықаралық серіктестермен өзара іс-қимыл, олардың пікірлерін, әдістерің тыңдау, әдістемелерді зерделеу, халықаралық конференциялар өткізу. Әдемі ишара, сөз үшін ғана емес, сонымен бірге еш кедергісіз өткір сұрақтарды, оның ішінде біреулерге ұнамайтын мәселелерді талқылау қажет. Мәселен, біз Орталық Азияда өте жақын, бауырлас халықтар бола тұра, неліктен бізде әлі күнге дейін елдер арасында виза, шекара мәселесі бар?

Осы жылғы бірінші іс-шарамыз - Орталық Азиядағы серіктестермен сарапшылық кездесу 20 қаңтарда өтетіні кездейсоқтық емес. Бәріміз бірге, қазақ, өзбек, қырғыз, тәжіктер мен түрікмендер 2030 жылға қарай болашағымыздың бейінін қалай көретінімізді талқылаймыз.

Үшінші, ҚСЗИ барлық уақытта да кадрлар ұстаханасы болды. Бізге жас, талантты жастарды тарту, оларға жұмыс істеу қызық болуы үшін жағдай жасау, кәсіби мамандарды ұстап қалу қажет. Өйткені, халықтың барлық тобының қажеттілігін білуіміз керек. ҚСЗИ министрліктер мен ведомстволар үшін, үкіметтік емес ұйымдар мен халықаралық ұйымдар үшін кадрлар ұстаханасы болды және болып қала береді.

- Филиалдар құру және ҚСЗИ-ді қайта құрылымдау жайында айтып қалдыңыз. Бұл процесс үшін қосымша қаражат қажет бола ма?

- Мұның бәрі де қазіргі уақытта бар қаражат есебінен ұйымдастырылады. Біз мұның бәрін қолданыстағы мүмкіндіктер негізінде жүзеге асырамыз.

- Дәл осы сұрақ кадрларға да қатысты...

- Кадр проблемасы болды, бар және бола да бермек. Бұл кез келген салаға қатысты. Жақсы журналистерді, дәрігерлер мен мұғалімдерді қайдан табуға болады? Дайын маманды ешкім сыйға тартпайды. Ең дұрысы - жастарды жұмысқа алып, оларды оқыту. «Болашақ» бағдарламасымен оқуын аяқтайтындар, Қазақстанның жақсы ЖОО-ларын бітіргендер бар. ҚСЗИ-де жұмыс істегісі келетіндер өте көп. Сондықтан бізде таңдау мүмкіндігі жеткілікті.

Қазір, сараптамаға деген қажеттілік үнемі артып келе жатқан шақта сарапшыларды, эксперттерді тарту және қалыптастыру – бұл мемлекет үшін маңызды әрі өте күрделі міндеттердің бірі. Қазір жұрттың көбі жазғысы келмейді, бәрінен бұрын ұйымдастыру жұмыстарымен айналысқанды тәуір көреді. Дегенмен, жазу өнерін меңгергендер өмірде әр уақытта сұранысқа ие әрі бәсекеге қабілетті болатынына сенімдімін.

- ҚСЗИ жас мамандар үшін перспективалы орын деуге бола ма?

- Әлбетте. Түрлі көзқарас тұрғысынан өте перспективалы. Біріншіден - бұл Президент жанындағы институт. Яғни, бұл жерде тек қана ғалымның білуге деген құштарлығын қанағаттандырып қана қоймай, бірден тәжірибеге көшуге, тіпті шартты түрде шешім қабылдануына ықпал етуге, сол шешімдерді дайындауға қатысуға болады. Мұнда тәжірибелік сараптама, ғылым мен мемлекет арасындағы тоғысқан жер бірден байқалады. Екіншіден, мемлекеттік органдар ҚСЗИ-ден жастарды Президент Әкімшілігіне, Сыртқы істер министрлігіне және өзге де құрылымдарға жұмысқа шақырады. Іс жүзінде барлық органда түлектеріміз бар. Таяуда ҚСЗИ-де жұмыс істеген қызметкеріміз ең жас министрлердің бірі ретінде Экология және табиғи ресурстар министрлігін (Зүлфия Сүлейменова – ред ескертпесі) басқаратын болды. Айтпақшы, қазіргі уақытта мерейтойымызға дайындық аясында әр жылдары ҚСЗИ-де жұмыс істегендердің бәрін тек есепке алып қоймай, олардың кәсіби тәжірибелерін сараптап жатырмыз. Өте қызықты статистика. Таяу аралықта жария етеміз деп үміттенемін.

- Бүгінде ҚСЗИ эксперттері қандай зерттеулермен айналысып жатыр?

- Қазіргі уақытта әлемдік экономикалық процестер және олардың Қазақстанға ықпалына қатысты байыпты зерттеуге кірістік. Бұл инфляция да, пандемия да, логистикалық тізбектердң бұзылуы да. Біз тек қана «қара аққу» (тосын сценарий) ғана емес, «сұр мүйізтұмсықты» (айқын сценарий, бірақ, белгілі бір проблеманы еңсеру үшін нақты іс-қимыл қажет) да алдын ала болжай алуымыз керек. Сонымен қатар біз перспектива тұрғысынан да қарастырамыз. Егер біз байыпты экономикалық реформа жүргіземіз десек, онда мұндай реформаны табысты іске асырған елдердің тәжірибесін зерделеп, жақсысын алып, қателіктерінен жалтаруымыз қажет.

Әрине, бұл саяси жаңғыруға қатысты мәселелер де. Елімізде аудан әкімдерінің сайлауы өтетін болады. Аудан әкімдерін сайлау барысында ел немен бетпе-бет келетінін түсіну үшін ауыл әкімдерін сайлау тәжірибесін жіті зерделедік: қандай қателіктер, проблемалар болды, не дұрыс, не бұрыс жасалды.

Егер сыртқы саясат жайында сөз қозғасақ, онда бізді көршілерімізге қатысты мәселелер қызықтырады. Орталық Азияда, Қытайда, Ресейде не болып жатыр, өзіміздің мүддемізді ескере отырып, сындарлы сыртқы саясатымыз тұрғысынан қарым-қатынасты қалай қалыптастырамыз? Бұл өте күрделі зерттеу және олар біліктілігі өте жоғары эксперттерді талап етеді.

Әлеуметтану, қоғамды зерттеп-зерделеу, оның қажеттіліктері қандай, неге алаңдайды, неге назар аудару қажет, облыс әкімдері, Үкімет неге назар салуы тиіс - осы мәселелермен үнемі айналысамыз.

- Қоғаммен жұмысты қалай түзесіздер? Қандай әлеуметтік зерттеулер жүргізесіздер?

- ҚСЗИ өзі әлеуметтік зерттеу жүргізбейді. ҚСЗИ тапсырыс беруші саналады. Бізге деректерді әртүрлі ұйымдар ұсынады. Сол материалдармен жұмыс істеп, тоғыспалы сараптама жасаймыз, олардың релеванттылығын, дұрыстығын білдіретін деректер негізінде тенденцияларды айқындаймыз.

Бізде Қазақстанның бүкіл өңіріне қатысты тұрақты әлеуметтік зерттеулер бар. Телефон арқылы сұрау салу, тұрақты эксперттік сауалнама бар. Олар негізінен қызметтік тұрғыда ғана пайдаланылады және Прездент Әкімшілігі басшысының үстеліне барады. Сондықтан барлық уақытта оны жария ете алмаймыз. Олардың кейбірін сайтымызға орналастырамыз. Дегенмен, биылғы біздің міндетіміз – әлеуметтік зерттеулерімізді кеңінен жариялау. Биыл үлкен әлеуметтік зерттеу жүргізуді жоспарлап отырмыз және оның бір бөлігін жариялаймыз деп үміттенеміз.

- Өткен жыл саяси оқиғаларға толы болды. Қаңтар оқиғасы саяси реформаларды жеделдете түсті. Сіздің ойыңызша, 2022 жыл Қазақстанға не берді?

- Өткен жыл іс жүзінде Әділетті Қазақстан үшін негіз қалады. Бірақ ең бастысы – Президент бұған дейін экономикалық реформалар жүргізу үшін саяси реформалар қажеттігін белгілеп берді. Мұндай тапсырма бұрын еш уақытта болған емес. Алдымен экономика, одан кейін саясат жүрді. Қазір саяси негіз – бұл экономикалық реформалар үшін негіз деген түсінік қалыптасты. Басқаша болуы да мүмкін емес. Жалпыхалықтық референдум өтті, конституциялық түзетулер енгізілді, Президент сайлауы болды, Парламент сайлауы өтеді. Бұл саяси қайта құру жай сөз жүзінде емес, биыл маңызды экономикалық, әлеуметтік реформалар жүргізу үшін жасалады. Мұның барлығы біздің алдымыздан ашылатын мүмкіншіліктерді пайдалана алуымыз үшін қажет. Бұл әртараптандыру, шикізат тауарлары экспортынан біржолата арылу үшін жүк транзиті мен инфрақұрылымдық жобаларды салу, салаларды дамыту. Шикізат тауарларының экспорты – бұл әрқашан да үлкен құбылмалық, оны болжап біле алмайсың. Бүгін мұнай бағасы мынадай болса, ертең өзгеріп шыға келеді. Бұл болжамсыз экономикасы бар елдерге тән. Егер біз болжамды экономика, күрделі экономикасы бар ел болғымыз келсе, онда әртараптандыруға қарай жылжуға тиіспіз. Сіз АҚШ Қазақстаннан әлдеқайда көп мұнай өндіретінін білесіз бе? Бірақ, олар мұнай конъюнктурасына тәуелді емес. Өйткені, оларда көптеген басқа салалар дамыған және мұның барлығы экономиканы тұрақтандырады. Бұл – автомобиль саласы, ауыл шаруашылығы, жаңа технологиялар және тағы басқалары. Ал тек қана шикізат экспорты бар қарапайым экономикада барлығы да өте тұрақсыз. Түптеп келгенде, сөз барлық халықтың әл-ауқаты жайында болып отыр. Олқылық оңалды, енді одан ары жылжу қажет деп санаймын.

Бұл ретте барлығы да кім орындаушы болатынына байланысты. Бұл адами капитал мәселесі. Өте өршіл міндеттерді алға қоя беруге болады. Бірақ, адами капитал сапасына байланысты ол орындалмай қалуы мүмкін. Сондықтан Президент осынау маңызды реформаларды жүзеге асыра алатын жастарды, оның ішінде шетелде оқыған, тәжірибеден өткен жастарды мүмкіндігінше көптеп тарту мәселесін алға қойып отыр. Маған жасына, жынысына және басқа да сапасына қарамастан барлығы еңбегіне қарай бағаланатын меритократиялық әдіс ұнайды. Шаңсорғыш сияқты үздік кадрларды өзіне тартып отырған АҚШ осынысымен мықты. Елдегі зерттеулердің үштен біріне жуығы иммигранттарға тиесілі екені айтылған түрлі сараптама болды. Қазақстан да қорықпастан үздік мамандарды тарту қажет. Меніңше, бізге ментальдылықты өзгертіп, жаппай мигрантофобиядан арылу қажет сияқты. Әзірше Қазақстанда барлық мигранттарға аса сақтықпен қарайды. Мен біліктілігі төмен мигранттар, босқындар жайында айтып отырғаным жоқ. Біліктілігі жоғары мигранттар Қазақстанға келуі, азаматтық алуы үшін жағдай жасау қажет. Іс жүзінде біз дарындылар үшін жаһандық бәсекеге араласамыз. Мәселен, Ұлыбритания әлемнің үздік жоғары оқу орындарының түлектеріне виза береді. Тек өз күшімізге ғана сенсек, онда даму процесін айтарлықтай баяулатып аламыз. Көпшілік біздің жас мемлекет екенімізге екпін қояды. Иә, орташа жас 31,8 жас, мұнан ары өсімге де демографиялық әлеует бар. Алайда, демографиялық мүмкіндіктер терезесі мәңгілікке созылмайды. 2030-2035 жылдарға қарай ол біртіндеп кемиді деген түрлі зерттеулер болды. Қоғам барынша урбанизацияланған сайын оның табысы да артады. Табысы артқан сайын бала сүюді қалайтын адамдар саны азаяды. Бұл әлемнің дамыған барлық еліндегі тәжірибе. Айталық, Жапонияда балаларға қарағанда үлкен адамдарға арнап сатылатын жөргектердің саны басым. Сондықтан мигранттарды тарту мәселесі ерте ме, кеш пе алдымыздан шығады. Мұны да ойланған жөн.

- Таяуда әлеуметтік желіде Google, Apple, Meta сынды танымал халықаралық компаниялар үшін Қазақстанға қарағанда Өзбекстан әлдеқайда тартымды ел деген ақпарат тарап еді...

- Ол біршама тартымды деп, сұрақтың бұлай қойылуымен мүлдем келіспес едім. Ол жақта арзан жұмыс күші басым екені, халықтың тығыз қоныстанғаны рас. Сонымен қатар Өзбекстан халықаралық бизнес үшін жеңілдіктер жасап отыр. Әрине, мұны жіті зерделеу қажет. Жалпы, Өзбекстан үшін қуаныштымын. Өйткені, Өзбекстан - біз үшін бауырлас ел. Таяуда Президентіміздің Өзбекстанға сапары болды. Бұл елдердің одақтастық қатынасын дәлелдейді. Өзбекстан үшін жақсы болған дүние ерте ме, кеш пе Қазақстанға да өз пайдасын тигізеді және керісінше де дәл солай. Орталық Азияның екі ірі елінің арасында жасанды бәсекелестік жасаудың қажеті жоқ.

Онсыз да Қазақстан Орталық Азияда шетел инвестициясын тартуда көшбасшы саналады. Сондай-ақ барлық уақытта ақпаратқа мәнмәтінге қарап, бізге қанша және қандай салаларға инвестиция тартылғанын салыстыру қажет. Бізде әлемдік барлық дерлік бренд бар. Меніңше, біз үлкен олқылықтың орнын толтырдық, сенімді ілгерілеп келеміз. Бірақ, бізге қалай болғанда да босаңсуға болмайды. Ал кейбір дүниені Өзбекстанмен бірге жасауымыз керек. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, 20 қаңтарда ҚР Сыртқы істер министрлігімен бірге «Орталық Азияның болашақ бейіні» деп аталатын маңызды конференция өткізетінімізді хабарлағым келеді. Қырғызстаннан, Өзбекстаннан, Тәжікстаннан, Түрікменстаннан әріптестеріміз келіп, ынтымақтастық жолдарын, өңір келешегін талқылаймыз, барынша тығыз өзара іс-қимылды қарай көретініміз жайында айтамыз.

- Адами капиталға қатысты айтар болсақ, ҚР Президентінің таяуда жас миинстрлерді тағайындауы өзін-өзі ақтай ма?

- Барынша бірбеткей, жаңа адамдар келеді. Бұл сенім ұялатады. Мәселен, Экология және табиғи ресурстар министрі жастығына қарамастан қазірдің өзінде маңызды көшбасшылық қабілетін көрсетті. Күні кеше Парламент Сенаты аппаратының басшысы болып қазақ тілінде еркін сөйлейтін Максим Споткай тағайындалды. Президенттің бірқатар маңызды кадрлық шешімдері саяси басқарушы элитаның айтарлықтай жасару бағытына бет алғанын білдіреді. Дей тұрғанмен, меритократия принципі де тыс қалмағаны байқалады. Жастармен қатар орта жастағы әріптестер де тағайындалуда, айталық Оқу-ағарту министрі - тәжірибелі адам. Меніңше, мұнан ары да байыпты кадрлық шешімдер жалғасады, оның ішінде экономика секторларында да болады. Адами капитал және жалпы адами капиталды макробасқару мәселесі пайымдауда жаңа әдістерді талап етеді. Бірақ, Президент кейбір сәтті қазірдің өзінде іске асырды. ҚСЗИ бұл бағытқа сараптама жасауын жалғастырады және Қазақстандағы адами капиталды дамыту бойынша өз ұсыныстарын береді.

- Сұхбатыңызға рақмет!


Фото: ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ


Соңғы жаңалықтар