Сарапшылар өңірлердегі ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткізу барысын талқылады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Бүгін, 3 қарашада Алматыда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің (бұдан әрі – ҰҚСК, Ұлттық кеңес) аясында сарапшылар Қазақстан өңірлерінде ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткізу барысын талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Іс-шараға ҰҚСК мүшелері, белгілі қазақстандық саясаттанушылар мен әлеуметтанушылар қатысты. Басқосуды ҚР Президентінің көмекшісі, Ұлттық кеңес хатшысы Ерлан Карин ашты.

Ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткізу туралы бастама алғаш рет Президент Қ.К. Тоқаевтың 2020 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында көтерілген болатын. Бұл бастаманы іске асыру мақсатында 2021 жылғы мамырда 2 тиісті заң қабылданған еді. Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» ҚР Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Конституциялық заңы және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сайлау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заңы.

Осы орайда Президенттің көмекшісі Ерлан Карин «қазіргі таңда 811 ауылдық округте әкімдердің тікелей сайлауы өткізілгендігін, бұл сайлау сайлаушылар арасында, сонымен бірге сайлау науқанында аса белсенділік танытқан саяси партиялар арасында да айтарлықтай жоғары қызығушылық тудырғанын атап өтті. Нәтижесінде сайланған әкімдердің 86% саяси партиялардан ұсынылған үміткерлер құрады. 14% – өзін-өзі ұсынған үміткерлер. Сонымен қатар, сайланған әкімдердің жартысы (51%) сайлауға дейін бұл қызметтерді атқармаған жаңа адамдар.

Талқылау барысында «Стратегия» әлеуметтік-саяси зерттеулер орталығы» қоғамдық қорының жетекшісі Гүлмира Илеуова Роза Люксембург қоры үшін дайындалған «Жергілікті сайлауда тікелей дауыс берудің тәуекелдері мен мүмкіндіктері» зерттеуінің нәтижелерімен таныстырды. Зерттеуде ауылдық жерлердегі экономикалық жағдай, жергілікті қауымдастықтың ерекшеліктері, ауыл тұрғындарының саяси реформаларға қызығушылығы және олардың электоралдық мінез-құлқы көрсетілген.

Сондай-ақ, ҰҚСК және Президенттік жастар кадрлық резервінің бірлескен зерттеу тобының жетекшісі Александр Данилов 4 облыстың (Павлодар, Қостанай, Түркістан және Шығыс Қазақстан) ауыл әкімдерінің сайлауы өткен ауылдық округтеріне бару негізінде дайындалған талдамалық баяндаманы ұсынды. Ол өз сөзінде ауылдық округ әкімін тікелей сайлауына байланысты ауыл тұрғындарының жалпы пікірі жақсы екеніне назар аударды.

Айта кеткен жөн, бұдан бұрын Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан және Қарағанды ​​облыстарында ҰҚСК мүшелерінің көшпелі отырыстары аясында ауыл әкімдерінің тікелей сайлауына дайындық барысы мен ауылдарды дамыту мәселелері талқыланған болатын.

Талқылау қорытындысы бойынша мамандар ауыл әкімдерін тікелей сайлау тетігін жетілдіру бойынша бірқатар ұсыныстар берді.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алдағы алтыншы отырысында да ауыл әкімдері сайлауының жалпылама қорытындылары шығарылады.


Соңғы жаңалықтар