Сарапшылар Маңғыстауда қолға алуды қажет ететін басты мәселелер туралы айтты

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысында қандай салаларды дамыту керек. Осындай сауалға жауап табу мақсатымен жуырда Астанадан арнайы келген сарапшылар аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне сараптама жасап, мониторинг жүргізген еді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мониторинг нәтижелеріне сүйене отырып мамандар аймақта дамытуды қажет ететін басты басым бағыттарды айқындады.  Яғни өңірде бірінші кезекте өндіріс, агроөнеркәсіп кешені, туризм, көлік және логистика, шағын бизнес салаларына басымдық берген жөн.

Халықтың өмір сүру сапасын арттыру үшін ауызсу, экология, білім беру және денсаулық сақтау сияқты салалардағы қалыптасқан мәселелерді шешу қажет. Өңірлік басқару жүйесін жаңғырту, яғни әкімдіктерді трансформациялау, SmartCity және қызметтерді цифрландыру маңызды.

«Маңғыстау облысы республикада негізгі капиталға салынған қаражат бойынша 9-шы орында тұр. Енді инвестиция тарту ісіне белсене кіріскен жөн. Сонымен қатар, туризмді дамытуға күш салу қажет»,-дейді консалтингтік компанияның талдаушысы Олжас Құдайбергенов.

Сарапшылардың пікірінше, мұнай-газ саласы өңір экономикасында маңызды рөл атқарады. Сондықтан негізгі күш шикізаттық емес салалардың үлесін арттыруға бағытталуы тиіс. Олар: өңдеу өнеркәсібі, агробизнес, туризм, көлік-логистика және шағын бизнес. Өңірде ауыл шаруашылығы саласын  дамытуға да мол мүмкіндік бар», - дейді сарапшылар.

Сонымен қатар, астаналық қонақтар «Смарт Сити» жобасы туралы айтты. Бұл қиын әрі ерекше жобаны толық жүзеге асыру үшін 2-3 жыл керек екен. «Смарт Сити» бойынша әзірге Астана мен Алматы қалалары ғана алда келеді.

«Әзірге облыстар бойынша бұл мәселеде ерекшеленген аймақтар жоқ. Ақтау қаласында халық саны аз. Бұл өз кезегінде түрлі мәселелерді шешуде мобильді болуға көмектеседі. Егер Ақтау қаласы осы «Смарт Сити» жобасын жүзеге асырса, облыстар арасында бірінші болады»,-деді Олжас Құдайбергенов.

Өңір басшысы Ералы Тоғжанов мониторинг нәтижелеріне сәйкес белгілі бір проблемалық мәселелердің шешімін қамтамасыз ету үшін тиісті органдардың басшыларына бірқатар тапсырма берді.

Соңғы жаңалықтар