Сарапшылар: Қазақстанда пневмококк жұқпасына қарсы екпе егу нәрестелердің өлімін 20%-ға төмендетеді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Отандық эпидемиолог дәрігерлер Қазақстанда пневмококк инфекциясына қарсы иммундау ұлттық бағдарламасының арқасында сәбилердің өлімін 20 пайызға төмендету жоспарланып отырғанын мәлім етті.

Бұл туралы бүгін Алматыда өтіп жатқан халықаралық конференция барысында ҚР Тұтынушылар құқықтарын қорғау агенттігі санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторингтеу ғылыми-тәжірибелік орталығының эпидмониторингтеу бөлімінің басшысы Айнагүл Қуатбаева айтты. Оның айтуынша, Қазақстан пневмококк инфекциясына қарсы жоспарлы вакцинациялау енгізілген соңғы жылдарда оң нәтижелерге қол жеткізді. «Шығыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында балалар арасында 2010-2012 жылдары сырқаттанушылыққа жүргізілген салыстырмалы талдау (вакцинация 2010 жылы басталды) пневмония сәйкесінше 46% және 49,6%, жіті ортаңғы отитпен сырқаттанушылық 21,3% және 2,1%, пневмониядан болатын өлім-жітім 15,5% және 57,1% төмендегенін көрсетті», - деді А.Қуатбаева.

Конференцияға қатысқан Қазақстан, Ресей, Германия және Венгрия сарапшылары өз елдеріндегі тәжірибелерімен бөлісіп, вакцина егумен басқарылатын эпидемиологиялық жағдайды, ҚР және Еуропа аймағындағы елдерде мақұлданған заманауи вакциналардың қолданылу әдісін және оның сипаттамасын, Қазақстан Республикасындағы иммундау саласының жетістіктерін, оның ішінде пневмококк және папиломовирус инфекциясының алдын алу бағдарламасын талқылады. Шара 2011-2015 жылы Қазақстан Республикасының «Саламатты Қазақстан» денсаулық сақтауды дамыту бағдарламасы және «Қазақстан Республикасында онкологиялық көмекті дамытуды 2012-2016 жылдарға арналған бағдарламасы» шеңберінде өтті. Майнце қаласында (Германия) Иоганн Гутенберг атындағы университеттің педиатрия департаментінің профессоры Джо Шмидт пневмококк инфекциясына қарсы вакцинациялау тек екі жасқа дейінгі балаларға ғана емес, ересектерге, әсіресе, жиі сырқаттанатын және егде адамдарға қажет, керек десеңіз міндетті деп есептейді. «Пневмококк инфекциясы кез келген жастағы адамдарға жұғады, әсіресе, созылмалы науқастармен ауыратын адамдар үшін қауіпті. Балаларды жаппай жоспарлы вакцинациялау жағдайында ересектердің пневмококк инфекциясын жұқтыру қаупі 30% дейін төмендейді, алайда адамдардың өзінше жеке қорғануы одан да жақсы. Вакцинация тек балалар ғана емес, ересек тұрғындар үшін де сырқаттанушылықтың төмендеуі және ауада қоздырушылардың болмауы себебінен тиімді», - деп өз пікірімен бөлісті Джо Шмидт. 2011 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасында жатыр мойыны обырымен ауыратын 9965 әйел есепте тұрды. Жыл сайын осы ауыр дертке шамамен 1500 әйел шалдығады. Онкологиялық аурулардан қайтыс болған әйелдердің арасында жатыр мойыны қатерлі ісігі екінші орын алады. «Күн сайын Қазақстанда жатыр мойыны обырынан екі әйел қайтыс болады. Адамдардағы папиллома жұқпасына (АПЖ) қарсы егу - бұл жатыр мойыны обырының алдын алу үшін қажетті шара, осы сырқаттың туындауын төмендетуге мүмкін береді», - дейді Қазақ онкология және радиология ҒЗИ онкогинекология бөлімінің меңгерушісі Мұрат Қайырбаев.

Соңғы жаңалықтар