Сарапшылар «Балалар интернеті» қызметін енгізу мәселесін тағы көтерді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Асқар Шәкіров жасөспірімдерді ғаламтордағы зиянды ақпараттан қорғаудың өзекті екендігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі интернет өнімдерінің мазмұны мен контентке бақылауды жүргізу тұрғысынан үлкен жұмыстарды атқарып жатыр. Ұлыбритания, Ресей елдерінде «Балалар интернеті» деген түсінік бар. Аталған қызмет жас ұрпақты зиянды интернет өнімдерінен қорғайды. Бұл ретте «Көк кит», «Тихий дом» тағы сол секілді зиянды топтарды айтып отырмын. Балаларды зиянды ақпараттардан қорғайтын заңнама бар. Бірақ бұл заң соншалықты жұмыс атқарып тұрған жоқ. Суицид немесе басқа да оқыс оқиға болса, мұғалімдер мен құқық қорғаушыларға шүйлігеміз. Алайда бұл тұрғыдан ата-ананың жауапкершілігі зор екенін де ұмытпаған абзал», - дейді Асқар Шәкіров.

Оның айтуынша, баласы кәмелет жасына толғанға дейінгі ата-ананың жауапкершілігі заңнамада тайға таңба басқандай жазылған. Алайда кейбіреулер балаларының интернетте нені көріп отырғанын біле бермейтіні де рас.

«Балалар интернеті жұмысының жүйесі бар. Қолындағы гаджет балалар интернетіне қосылса, ұялы телефондағы бұл қызмет зиянды ақпараттардан немесе топтардан баланы қорғай алады. Менің білуімше, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлдігі нақты бұл іске қатысты жұмысты күшейтіп келеді. Мәселен, +14, +16 немесе +18 деген киноөнімдер бар. Бірақ бұлар тек кинолар. Дәл сол секілді интернет үшін де мұндай шектеу керек. Менің ойымша, көптеген ойындар шеңберден асып кетіп жатады. Балалар оны ойнап отырып, бойында қатігездік пиғылы қалыптасуы мүмкін», - дейді ол.

Айта кетерлігі, ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілі 2017 жылдың ақпан айында ҚР Премьер-Министрінің атына балалардың құқығы турасында хат жазып, жеткіншектерді зиянды ақпараттардан қорғау турасында ұсыныстарын жолдаған болатын. Асқар Шәкіров ол хатында мобильдік операторлар арқылы елімізде «балалар интернеті» қызметін іске қосуды ұсынған.

Соңғы жаңалықтар