Сарапшы Жолдауда айтылған 4 негізгі мәселені атап берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Еуразиялық коммуникация орталығының директоры Алексей Пилько Қазақстанның ТМД елдерінің алды болып саяси транзитті сәтті бастағанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орталық коммуникациялар қызметінде Еуразия интеграциялық институтының сарапшылары ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын талқылады. Мәскеулік тарихшы Алексей Пилько Жолдауда айтылған 4 негізгі мәселені ерекше бөліп талдады.

«Қоғам мен билік диалогы мемлекет тұрақтылығы үшін өте маңызды шарт болып саналады. Кез келген қолайсыз мәселе бойынша ашық талқылау болмаса оның шешімі табылмайды. Осы тұрғыдан алғанда, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жұмысына қажеттілік бар. Көппартиялы жүйеге көшу туралы көп айтылып жатыр. Бұл біріншіден, бәсекелі ортаны қалыптастырады. Көппартиялылық билік тармағын негативті сұрыптаудан сақтайды. Қоғамның түрлі топтары мемлекет ісіне араласа алса, өзара түсінісе алса, одан ешбір ел ұтылмайды. Егер Қазақстан көппартиялы теңгерімді жүйені қалыптастыра алса, бұл мемлекет болашағы үшін өте жақсы іргетас болады», - деді Алексей Пилько.

«Сот жүйесін реформалаудың ар жағында полиция мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимылды реформалау жатыр. Менің ойымша, посткеңестік кеңістік үшінші кезеңнен өтіп жатыр. Біріншісі тәуелсіздік алуға ұмтылыс кезеңі болса, екінші кезеңде әлеуметтік қамсыздық бірінші орында болды. Қоғамның өз құқығын талап етіп, мемлекеттің оған құлақ түруіне деген сұранысы артып отыр. Билік осы сұраныстарға жауап ретінде ақылға қонымды сот жүйесін, сауатты жұмыс істейтін полиция мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы қатаң күрес жүйесін ұсынуы керек. Экономика туралы айтсақ, шағын бизнесті дамытуға акцент берілді. Зейнетақы жүйесін реформалау мүмкіндігі сөз болды. Бұл өте сезімтал сала. Оның осы Жолдауда көрініс табуы орынды. Егер осы мәселені шеше алса, мемлекеттік тұрақтылығы арта түседі. Посткеңестік кеңістікте Қазақстан саяси транзитті бірінші болып бастады. Бұл жолға Ресей де, Беларусь елі де, басқа да елдер өтуі керек. Егер бұл кезеңнен Қазақстан сәтті өтсе, өзге елдерге де жеңіл болады», - деді Алексей Пилько.




Соңғы жаңалықтар