Сарапшы: Жемқорлыққа қарсы реформаны «Цифрлық Қазақстанмен» ұштастыру керек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев даярлауды тапсырған жемқорлыққа қарсы реформалар топтамасын «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасымен ұштастыру керек. Мұндай ойды ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ақпараттық технологияларды дамыту жөніндегі вице-ректоры Әлия Мұхамеджанова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлықтау рәсімінде атаған 10 бағыты қоғамда біршама талқыланып жатыр. Мен осы бағыттардың біріне ерекше тоқталып өтсем деп едім. 10 бағыттың ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағдарламаны ерекше атап өткім келеді. Академияда цифрландыру мәселесімен айналысқандықтан, менің ойымша, сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағдарламаны «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасымен ұштастыру керек. Өйткені, Эстония, Грузия секілді елдердің тәжірибесін зерттейтін болсақ, жемқорлықты еңсеретін бірден-бір фактор - делдалдардың жоғалуы екенін аңғарамыз. Электронды үкіметтің дамуы, онлайн-қызметтер мен үздік телекоммуникациялық құрылғылар, адами капитал - осының бәрі «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасына кең ауқымда енгізіліп қойған. Осы екі бағдарламаны ұштастыра білсек, нағыз синергиялық нәтижеге қол жеткізеріміз анық», - деді Әлия Мұхамеджанова Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының ұйымдастыруымен елордада өткен «Президент Қ.К.Тоқаевтың 10 міндеті: ел дамуының жаңа деңгейі» атты дөңгелек үстелде.

Еске сала кетсек, Тәуелсіздік сарайындағы ұлықтау рәсімінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйекке дейін жемқорлыққа қарсы реформалар топтамасы дайындалатынын мәлім еткен еді.

«Жемқорлық - мемлекеттің дамуын тежейтін кесел. Бұл - қоғамдағы өзара сенімге, жалпы мемлекетіміздің қауіпсіздігіне қатер төндіретін құбылыс. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі жұмыс жүргіземіз», - деді Мемлекет басшысы.

Фото: www.apa.kz

Соңғы жаңалықтар