Сарапшы: Жаңа Мәжілістің міндеттерінің бірі – әлеуметтік толқулардың алдын алу

None
Фото: kisi.kz
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты стратегиялық талдау бөлімінің басшысы Ермек Тоқтаров Мәжілістің жаңа құрамы мен оның алдағы қызметіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жалпы Парламенттің жаңа құрамынан, оның ішінде Мәжілістен үлкен үміт күтеміз. Қоғам мүддесінің алдыңғы орында тұруы маңызды. Мәжіліс депутаттарының өкілдігі қоғам проблемалары мен оларды шешу функциясын атқаруымен ерекшеленеді. Сонымен қатар сайлаушылармен, әлеуметтік топ, өзі сайланған округпен үнемі байланыста болуы тиіс. Азаматтардың мәселелері мен сұрауларын тыңдап қана қоймай, оны саяси тілге аударып, Парламентте ұсына білу өте маңызды», – дейді Ермек Тоқтаров.

Сарапшының пікірінше, заң шығару жұмысы жоғары деңгейде болуы тиіс.

«Идеяны ұсыну - бір шаруа, ал оны дәлелдеп, қорғап және түпкілікті шешім қабылдау кезінде барлық мәселені ескеріп, сендіру - бөлек дүние. Расы керек, мұндай жұмыс тәжірибесі жоқ адамдарға қиынға соғады. Байқағанымыздай, жаңа шақырылым депутаттарының үштен бірі ғана бұрын мәслихат немесе Мәжілістің депутаты болған. Алайда, депутаттың заң шығаруға қатысты тәжірибесі болмауы мүмкін, оны заң да талап етпейді. Осы орайда бекітілген процедуралар мен ережелер бар деген үміттеміз. Парламенттің заң шығару жұмысы жоғары деңгейде болуы тиіс», - деп толықтырды ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ сарапшысы.

Сондай-ақ, спикер Мәжіліс депутаттары өкілеттігін атқаруда қаншалықты белсенді болады деген сауалға жауап берді.

«Біз көбіне белгілі бір қабылданған шешімдерге немесе қандай да бір заңға қатысты сыни көзқарас, бағалаудың болмауы әлеуметтік наразылыққа әкелетінін байқадық. Парламенттің жаңа шақырылымының міндеттерінің бірі - барлық тараптардың мүддесін ескере отырып, әлеуметтік толқулардың алдын алу. Әрине, әзірге баға беруге ерте. Алдағы жылы біз олардың қаншалықты тиімді болғанын, мандаттарды сақтау немесе таңдау қажеттілігі бар-жоғын көреміз. Әзірге қорытынды жасауға әлі ерте», - дейді Ермек Тоқтаров.

Мәжіліс депутаттарының толық тізімімен осы сілтемеде танысуға болады.

Сонымен қатар бүгін Орталық сайлау комиссиясы Мәжілістің 8-сайланым депутаттарын ресми түрде тіркеді.

Айта кетсек, ертең Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған ҚР Парламентінің бірінші сессиясының ашылуында сөз сөйлейді.


Соңғы жаңалықтар