Сарапшы: Тұрғындар арасында дүрбелең тудыратын әрекеттерге жол берілмеуі керек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері Болат Әуелбаев Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Халық арасында кібісе жылды қиын жыл деп айтады. Наным-сенім болса да, жыл басында үрейлі оқиғалар орын алды. Жаңа жылдан кейін Иранның әскери- саяси элитасы Касем Сулейманиге жасалған америкалық әуе соққысы әлемді дүр сілкіндірді», - дейді сарапшы.

Сонымен бірге, бұл мәселеге шығыстағы вирус мәселесі қосылды. Қытайдың Ухань қаласында 2019-nCoV коронавирусынан жаңа індет өршіді.

«Қытайдың ірі орталықтары карантинге жабылды. Көрші елдегі эпидемиологиялық жағдай әлі де ауыр, аурудың таралу қаупі де өте жоғары болып отыр», - деп атап өтті сарапшы.

Ал Қазақстанда Қордай ауданының Масанчи ауылында болған жаппай тәртіпсіздік күтпеген оқиға болды. Оның салдарынан адамдар қаза тауып, тұрғындар материалдық зардап шекті.

«Бірақ елімізде және одан тыс аумақтарда түрлі пікірлер мен қауесеттер тарады. Осыған байланысты мемлекеттік билік деңгейінде де, халық арасында да болған оқиғаларды егжей-тегжейлі түсіндіру маңызды. Қазіргі уақытта ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен зардап шеккен елді мекендерде қалпына келтіру жұмыстары жүруде. Өз кезегінде ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та жағдайға алаңдаушылық білдірді, оның төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті», - деді ол.

Жиын барысында ішкі саясат пен қауіпсіздік мәселелері қаралды. Әсіресе, жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен оның аймақтық филиалдарының жұмыс сапасына ерекше назар аударылды.

Сонымен бірге, Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы республикада коронавирустың таралуы, оның экономикалық салдары төңірегіндегі жағдайды бақылаудың және уақытылы шара қабылдаудың маңыздылығын атап өтті.

«Мұндай сипаттағы процестерді алдын-ала әзірлеу керек. Шаралар толыққанды болуы тиіс, ал тұрғындар арасында дүрбелең тудыратын шамадан тыс әрекеттерге жол берілмеуі керек», - деді Болат Әуелбаев.

Айта кетейік, елордада ҚР Тұңғыш Президентінің төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті. Жиын барысында Жамбыл облысы Қордай ауданындағы жағдай, биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және коронавирустық инфекцияның таралуына қарсы тұру мәселелері қаралды.


Соңғы жаңалықтар