Сарапшы сайлау мәдениеті туралы айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Sailau Talks-2021 шарасында сарапшылар бүгінгі сайлау барысы туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кез келген сайлау – азаматтық жауапкершілік. Сайлауға қатысу үшін өзіміз қай учаскеге қарайтынымызды eGov.kz порталынан да, әкімдік сайтынан да тексеріп алдық. Ол туралы СМС-хабарламалар да келді. Бүгін таңертең дауыс беруге барғанда байқағаным, волонтерлер көп жүр. Олар қыс мезгілі болғанына қарамастан далада тұрып жұмыс істеуде. Олар бізге жол көрсетіп, қай жерден кіріп, қай жерде дауыс беретінімізге бағыт-бағдар беріп тұрды. Сағат 08:20-да сайлау учаскесіне барған кезде ол жерде әжептәуір адам жиналып қалғанын көрдім. Бір адам сайлау учаскесін шатастырып алыпты. Ол өз учаскесі қайда екенін анықтап, сол жаққа қарай кетті. Бұл да – азаматтық жауапкершілік», - дейді Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бөлім басшысы Алуа Жолдыбалина.

Ал «Team Qazaqstan» жастар қозғалысының көшбасшысы Асхат Садырбай сайлау учаскелерінде барлық санитарлық талаптар сақталғандығын айтты.

«Осындай қиын кезеңге қарамастан санитарлық талаптарды сақтай отыра сайлауды ұйымдастырып жатқан ұйымдастырушыларды жұмысын ерекше айтып өту керек. Сайлау учаскесіне кірген кезден бастап дене қызуымызды өлшеп, қолымызға медициналық қолғап берді және әлеуметтік арақашықтық сақталуын қадағалады. Мен таңертең сайлауға барғанда дауыс беру жәшігі ортасына дейін толып қалған, яғни сайлауға келушілердің саны таңнан бері көп болғандығын білдіреді. Сайлау мәдениеті дұрыс бағытқа қарай қалыптасып келе жатыр», - дейді ол.

Еске сала кетсек, бұған дейін Sailau Talks-2021 сарапшылары өтіп жатқан сайлаудың маңыздылығы талқылайтынын жазған болатыныз.

Іс-шараны Қазақстан саяси ғылымдар қауымдастығы «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігінің қолдауымен ұйымдастырып отыр.


Соңғы жаңалықтар