Сарапшы: Ресми статистика шындықтан алшақ болмауы керек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Хабар» телеарнасындағы «Большая неделя» бағдарламасында ресми статистиканың бұрмалануы қате экономикалық шешімдерге жол ашып жатқаны айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мұндай пікірді саясаттанушы Әнуар Нұртазин айтты.

«Біз Дүниежүзілік банктің статистикасында жақсы көрсеткіште тұруға ұмтылған кезеңнің тәсілдерінен алшақтауымыз керек. Мысалы, бізде шын мәніндегі орташа еңбекақы ресми орташа айлық мөлшеріне сәйкеспейді. Біз айлық есептеудің медиандық немесе тіпті модальдық тәсіліне көшуіміз керек. Басымыздағы жағдайға, қоғамдағы шындыққа әділетті қарауымыз керек», - деді сарапшы.

Сондай-ақ, ол елдегі жұмыссыздардың санын шынайы есептемей, «өзін-өзі жұмыспен қамтушы» деген терминмен бүркемелеу еңбек дауларын ушықтырып отырғанын атады.

Ал экономист ғалым Сапарбай Жобаевтың айтуынша, Қазақстандағы жұмыссыздардың саны 4,5 млн деген статистика шындыққа жанаспайды.

«Еңбекке жарамды 9 млн халықтың 6 миллионы зейнетақы төлемдерін ұдайы аударып жүр. Яғни, олар жұмыс істейді деген сөз. Қалған 3 млн адамның 0,5 миллионға жуығы ресми жұмыссыз ретінде тіркелген. Сонда бізде 2,5 млн өзін-өзі жұмыспен қамтушы», - деді ғалым.

Сарапшы бұл мәліметін мынадай қисынмен түсіндіріп көрді.

«Ауыл шаруашылығы маңызды екені даусыз, бірақ жалпы ішкі өнімдегі үлесі 4 пайыз ғана. Қазір бұл салада өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған халықтың 1-1,5 миллионы жүр. Қаладағы базарлар мен қызмет көрсету саласында 1 миллиондай адам еңбек етеді. Мұны рұқсат етілген, бірақ есепке алынбаған кәсіптер деп айтуға болады. Яғни, салық төленбейді. Осының бәріне толықтай аудит жүргізу керек. Сонда ғана жұмысқа жарамды 9 млн халықтың ішінде 1,5-2 млн адамға тұрақты жұмыс тауып беру керек екенін түсінеміз. Демек, қазір айтып жүргендей 4,5 млн адам емес. 9 млн еңбекке жарамды халықтың тең жатрысы жұмыссыз деген ешбір қисынған сыймайды», - деді Сапарбай Жобаев.


Соңғы жаңалықтар